Қазақстан және Ресей ЖОО ректорларының форумы


8 10 қараша аралығында Ресей Федерациясының Челябинск қаласындағы Оңтүстік-Орал мемлекеттік университеті базасында Ресей және Қазақстан университеттерінің ректорларының форумы өтті. Бұл шара Қазақстан мен Ресейдің ХІV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында ұйымдастырылды.

Оған екі мемлекет – Қазақстан және Ресей Федерациясы президенттері Н.Ә. Назарбаев пен В.В. Путин және 126 жоғарғы оқу орындарының ректорлары қатысты. Қазақстан Республикасынан 49 университет ректоры келді. Форумның басты тақырыбы: адами капиталды және бәсекеге қабілеттілікті дамыту.

Алқалы жиынды Ломоносов атындағы Мəскеу мемлекеттік университетінің ректоры, Ресей ЖОО ректорлары одағының президенті Виктор Садовничий және Қазақстан ЖОО ректорлар Кеңесінің және Азиялық университеттер Қауымдастығының төрағасы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Е.Б. Сыдықов ашты.

Жиын жұмысы білім адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторы ретінде, қазіргі заманғы ЖОО-ның инновациялық қызметін арттыру және Қазақстан және Ресей ЖОО-ның арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту сияқты стратегиялық бағыттар бойынша жүргізілді.

Сондай-ақ білім беру саласындағы реформаларды жүргізу бағытында ЖОО басшылары серіктестіктің жаңа перспективалық бағыттарын анықтап, 50-ден аса меморандумға қол қойды. Мұндағы мақсат – білім алудың жоғары деңгейін көтеру, тәжірибе алмасу, ғылыми-зерттеу жұмыстарының өңірдегі дамуы және  ұзақ мерзімді бағдарлануын қамтамасыз ету.

 

Форумға университетіміз атынан қатысқан Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің  ректоры т.ғ.д.  М.К. Ибатов Уральск мемлекеттік университеті, Челябинск мемлекеттік университеті және Оңтүстік Уральск мемлекеттік университетімен өзара серіктестік жайлы меморандумдарға қол қойды. Келісімдерде сәйкес, бәсекелестікке сай мамандар дайындау, бірлескен зерттеу жобаларын әзірлеу, академиялық мобильділік және басқа да бағдарламаларды бірлесе жүзеге асыру мәселелері көзделді.

Без рубрики