100 жаңа оқулық Кітап – асыл да сарқылмас рухани қазына


BY BILIMDI_EL ON 5 OCT 2018 • ( LEAVE A COMMENT )

Артық ғылым кітапта,

Ерінбе оқып көруге

Абай

 

Адам дүниеге келген сәттен бастап білсем, оқысам деген арман жетегінде болады. Сол білімнің бастауыкітап. Кітапрухани қазынаның қайнар бұлағы. Кетпес дәулеттің, кең пейілдің қазынасы, ақыл мен парасаттың кені, білім мен ғылымның биік шыңы кітапта екендігі атқан таңдай ақиқат. «Кітапбілім бұлағы, білімөмір шырағы » – деген қазақтың қанатты сөзінде  мол ұлағат жатқаны анық.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» бағдарламалы мақаласында: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Бұл мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген болатын. Тәуелсіз еліміздің алдағы көшін түзеп, ілгері жұрт қатарына шығаратын, өндіріс қазанын қайнатып, инновациялық өрістерге ұластыратын, үлкен әлеует – терең  білім мен ғылым екендігі даусыз. Сондықтан да жастарымыз жан-жақты болу үшін  білім мен ғылымды терең игерулері керек. Келешек кілті қашанда жастар қолында. Егемен елдің ертеңі – жастар. Ертеңіміз жарық болсын десек, сол жастардың бойына жан-жақты біліммен, рухани байлығымызды дарытуға күш салуымыз керек.

Қазіргі таңда, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы озық үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау, бүгінгі күннің кезек күттірмес міндеті. Сол мақсатты орындау барысында, «Жаңа гуманитарлық білім»  қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы аясында биыл 18 кітап аударылып, жарыққа шықты.

Жоғары білікті инженер мамандарды дайындайтын Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Жаңа гуманитарлық білім» 100 жаңа оқулық аясында қазақ тіліне аударылған 18 оқулық-кітаптың тұсаукесері және осы тақырып аясында дөңгелек үстел өтті. 18 оқулықтың тұсаукесеріне университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысып, аталмыш жобаның құндылығы, жаңа аударылған оқулықтардың мазмұны мен жаңалықтары талқыланды.

Осы жоба негізінде «Философия», «Философия тарихы», «Әлеуметтану теориясы», «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», «Тіл біліміне кіріспе» кітаптарын атап айтуға болады.

Филология мамандықтарына арналған Америка тілшілерінің  «Тіл біліміне кіріспе» оқулығы 12 тараудан тұрады. Бұл кітап адамға жалпы лингвистика ғылымына кіріспе ретінде, тіл білімінің басты да негізгі анықтамаларын жеңіл де түсінікті жеткізе білетін құнды дүние десек артық етпес. Түрлі мамандық иелері, ұлт өкілдері арасындағы байланыс орнатудың әдіс-тәсілдері, тіл үйренімен қатар мәдениетті де тану маңыздылығы мәселесі ашық әрі жүйелі түрде зерттеліп, баяндалған Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» оқулығы біздің университет кітапханасының төрінен орын алды. Оған себеп, университет студенттерінің әр аймақтан, әр елден болғандықтан, жалпы көпұлтты мемлекет азаматтарының арасындағы қарым-қатынас пен байланыстың одан әрі бекіп, дамуына қосар үлесі зор оқулық деп танимыз.

Аталмыш осы екі оқулық қазақ тілінен дәріс беретін оқытушыларға және ел ертеңі, ел тұтқасын ұстайтын өскелең ұрпаққа керек құнды кітап екендігін атап өткенді жөн көріп отырмыз.

Мемлекеттік тілге аударылған оқулықтардың басты мақсаты – жоғары дәрежелі, жоғары сапалы білімнің қолжетімділігі болып табылады. Осындай бастамалардың арқасында еліздің жастары заманауи білімнің толқынына ілесіп, өз елінің мәртебесін асқақтатарына сеніміміз мол.

 

Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының доценті,  

ф.ғ.к., Қарлығаш Хамзина,

аға оқытушы, п.ғ.м., Ғабиден Әбілқасов

Без рубрики