Жастар идеясы – болашақ сүрлеуі

2017 жылдың 13 және 14 сәуір күндері   Қарағанды мемлекеттік техникалық  университетінде «Жастар ғылымының «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыруға қосқан үлесі» тақырыбындағы ЖОО аралық республикалық студенттік ғылыми  конференция өтті.

Конференцияға Е.А. Букетов атындағы ҚарМУ, Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институты, С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті, Тараз мемлекеттік университеті,  ҚазИГЗУ сияқты еліміздің жоғарғы оқу орындарының студенттері және магистранттары қатысып, жинақта бес жүзден астам ғылыми еңбек басылды.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы жастарының ЭКСПО – 2017 Халықаралық көрмесіне қатысу мүмкіндіктері, ТМД және ҚР елдеріндегі жастар саясаты және еліміздегі саяси ахуал және құрылыс технологиясының даму жағдайлары қарастырылды. Энергетика және энергия үнемдеу, геотехнология және гуманитарлық бағыттар бойынша 15 секция жұмыс істеді.

«Болашақта біз қандай үйде тұруымыз мүмкін?» тақырыбы жастардың қызығушылығын тудырған өзгеше тақырып болды. Әсіресе, жас зерттеушілер болашақта тұрғызылатын үйлердің экологиялық таза әрі тез құрылып, жылдам сөгілетін құрылыс материалдарынан жасалу мүмкіндіктерін көрсетіп, экономикалық тұрғыдан тиімділігін есептеп берді.  Үй ішін безендіруде қолданылатын материалдардың құнын төмендету жолдарын ұсынды. «Ақылды үй» жүйесін енгізудің тиімді жолдары атап, автоматтандырылған тұрғын жайлардың электр жарығын үнемдеудегі артықшылықтары жайлы баяндады.

Әрине, әзірге студенттік конференцияға жинақталған ғылыми тезистер жоба ретінде ұсынылып отыр. Дегенмен, бірқатар жас зерттеушілер өз жұмыстарын дипломға дейін толықтырып, тәжірибе кезінде өндірістік жағдайда зерттеп көруге бел буған. Ең бастысы, студенттердің ғылыми-зерттеу қызметіне деген ынтасы басым.

 

Без рубрики