Ғылымды еліме қызмет қылсам деп ізде…


19 сәуір күні ҚарМТУ-да студенттердің белгілі абайтанушы философ, дінтанушы, мәдениеттанушы ғалым Омар Жәлелмен тәрбиелік мәні зор сұқбат-кездесуі өтті. Онда философ өзінің жақында ғана жарық көрген «Харекет» атты алғашқы кітабының таныстырылымын жасап, жастарға ұлттық дүниетаным мен болмыс, адамшылық пен ар-абыройды сақтап, еңбекке жігерлендіретін дәріс оқыды.

Қазіргі уақытта Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздық етіп келе жатқан Омар Жәлелұлының «Харекет» кітабының бірінші бөлімінде «Еңбек – рух» атты ғылыми диссертациясы монография ретінде ұсынылған. «Таным-таразы» деп аталатын екінші бөлімінде 1996-2016 жылдар аралығында жазылған автордың ғылыми-зерттеу мақалалары мен әдеби ізденістері қамтылған. Кітап көзі қарақты, қазақ руханиятына қызығушы көпшіліктің сұранысы мен жас ғалымдардың ізденісіне жауап беретін құнды кітапжалпы көпшілікке арналған.

Кездесуге «Кеніштік аэрология және еңбекті қорғау» кафедрасы Нұрбек Жолмағамбетов, ҚарМТУ-дың Қазақстан халқы Ассамблея кафедрасының аға оқытушысы, Рухани-адамгершілікке тәрбиелеу бойынша Кеңес Төрағасының орынбасары Жарқын Тусупбеков, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Асем Сағатова және студенттер қатысты.

Ғалымның шешен де өткір тілмен жүргізген дәрісі студенттердің өзінің ұлттық болмыс-бітімі жайлы дүниетанымын кеңейтіп, көкірек көзін оятты, десек, қателеспейміз. Жастар қазақи дүниетанымға сай ұл бала мен қыз баланың өмірдегі орны, олардың қоғамдағы және жанұядағы міндеттері жайлы ғалымның пікірін біліп, ғылымды іздеудің мәні және мақсаты туралы тұжырымды ойларын тыңдады.

Без рубрики