«Тәуелсіздік тарихы – жаңа мемлекеттің құрылуының жетістігі» семинары өтті

8 қаңтарда ҚарМТУ-дың бас корпусында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы және Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйі өкілдерінің  ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі халыққа Үндеуі мен «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауына арналған «Тәуелсіздік тарихы – жаңа мемлекеттің құрылуының жетістігі» тақырыбында семинар өткізілді.

Оған Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінен «Тәжік диаспорасының» жетекшісі Шакарбек Норматов,  Е.А. Бөкетов   атындағы   ҚарМУ-дің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының   меңгерушісі Дастан Көшербаев,  Қарағанды облысының орталық мешітінің жастар ісі жөніндегі жауаптысы Нұржігіт Мұсабеков және ҚарМТУ-дың Қазақстан халқы Ассамблея кафедрасының аға оқытушысы, Рухани-адамгершілікке тәрбиелеу бойынша Кеңес Төрағасының орынбасары Жарқын Тусупбеков, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Асем Сағатова және  студенттер қатысты.

Семинарда алғашқы сөз Қарағанды мемлекеттік университетінен келген қонақ Дастан Көшербаевқа беріліп, ол шетелге оқуға кетіп жатқан жастардың білім алып, Отанға қайта оралуы, алған білімдерін туған елінің игілігіне жаратуы турасында «Интеллектуалды элитамызды бекемдеу – бәсекеге қабілеттіліктің кепілі» атты баяндамасында пікір өрбітті. Неліктен шетелдік оқу орындары біздің талантты жастарымызға барлық мүмкіндіктер жасап, тегін оқытады, жат елге білім қуып кеткен жастар неге елге оралудан бас тартады, келген күннің өзінде шенді жұмыс талғап, жұмыссыздар қатарына кіреді деген сұрақтар төңірегінде студенттермен пікір алмасып, тұшымды тұжырымдарын айтты.

Ал облысымыздың «Тәжік диаспорасының» жетекшісі Шакарбек Норматов Қазақстанның 100-ден астам ұлт пен ұлысты бауырына басып,  бір тудың астына біріктіріп отырған кеңпейіл ел екендігін тілге тиек ете отырып, тәуелсіздіктің алғашқы 25 жылында мемлекеттің Елбасымен жеткен жетістіктері турасында өз ойын айтты. Ол қазіргі таңдағы Қазақстан – Тәжікстан мемлекетінің қарым-қатынасы жайлы, еліміздегі  тәжік диаспорасы өкілдеріне  жасалып отырған кең мүмкіндіктер туралы тілге тиек етіп, осы бағыттағы Елбасының салиқалы саясатына деген ризашылығын білдірді.

Орталық мешіттің жастар ісі жөніндегі жауапты қызметкері  Нұржігіт Мұсабеков студенттерге  еліміздегі бүгінгі діни ахуал  жайлы жан-жақты мәлімет беріп, діни экстремизмнің алдын – алу мемлекеттегі  тыныш та бейбіт өмірдің кепілі екендігін ескертті.

Барлық қонақтар аудиторияның сұрақтарына ыждаһаттылықпен жауап беріп, жақсы мәселе қозғап, терең мағыналы пікір айтқан студенттерге алғыс білдірді.

Басқосудың соңында ҚарМТУ–дың, Жол-көлік факультетінің І курс студенті Маралхан Райысбек өзінің «Жастар және білім» атты баяндамасын оқып, жас ұрпақтың ЖОО-нда уақытты босқа өткізбей, сапалы білім алуға тырысу керектігіне тоқталып, еңбекке араласқан университет түлектерінің туған елге аянбай қызмет етуді басты мақсат етіп қоюы керектігін ескертті.