«Түлек-2017» жәрмеңкесі


2016 жылдың 6 желтоқсанында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Түлек-2017» жәрмеңкесі болып өтті.  Оған осы оқу орнының 1400 түлектері мен 100 шақты жұмыс беруші кәсіпорындар қатысты. Жәрмеңке кезінде америкалық «Fluor Kazakhstan Inc» демеушілік көмек ретінде, университетке студенттерді құрылыс және сәулет бейіндері бойынша оқытатын «Academic set 2016» лицензиялық бағдарламасының жиынтығын табыс етті.

– «Түлек-2017» жәрмеңкесін біз 2000 жылдан бері тұрақты өткізіп келеміз, — дейді ҚарМТУ-дың бірінші проректоры Аристотель Исағұлов. – Жәрмеңкенің басты мақсаты – университет түлектерін жұмысқа орналастыруға септесу. Жәрмеңкенің 21 қараша мен 2 желтоқсан аралығында онлайн-режімде өткізілген алғашқы кезеңіне өңірлік және республикалық ауқымдағы  152 мекеме-кәсіпорын қатысты. Олардың қатарында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ КД, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «Қарағандыэнергожөндеу» АҚ, «Қарағанды жолдары» ЖШС, «№3 автобус паркі» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ, «ГорКомТранс» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, IT-технологияларды дамыту саласындағы компаниялар, «Epam SYSTEM» ЖШС, «IQ-Solutions» ЖШС-нің Астана филиалы және басқа да байырғы әріптес кәсіпорындары да бар. Қазірдің өзінде виртуалдық жәрмеңкенің арқасында ҚарМТУ-дың 742 түлегі жұмысқа қабылданғаны белгілі болып отыр».

Шараның салтанатты ашылу рәсімі ҚарМТУ-дың Бас ғимаратында өтті. Ұйымдастырушылардың алғысөзінен кейін сөз кезегі «Epam SYSTEM» ЖШС, «Fluor Kazakhstan Inc.» ЖШС өкілдеріне берілді. Әлемдегі аса ірі инжиниринг компанияларының бірі саналатын америкалық «Fluor Kazakhstan Inc» компаниясының өкілі  Кристофер Родд атап айтқандай, 2016 жыл компания мен университет арасындағы әріптестік үшін жемісті болған. Ол, сонымен қатар, компания студенттер арасында өткізген конкурстың жеңімпаздарын атап,  олардың әрқайсысына 250 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықтарын табыс етті. Олар – сәулет-құрылыс факультетінің 4 курс студенттері Айсұлу Балтинова, Мария Стрыгина және Ақнұр Қараманова.

Сонымен қатар, компания демеушілік көмек ретінде, университеттің бірінші проректорына студенттерді құрылыс және сәулет бейіндері бойынша оқытатын жоғары оқу орындарына арналған «Academic set 2016» лицензиялық бағдарламасының жиынтығын табыс етті.

Жәрмеңке университеттің 1-ші корпусында жалғасып, мұнда жұмыс беруші кәсіпорындардың материалдарынан бос жұмыс орындарының көрмесі ұйымдастырылды.  Қатысушылар бұл жерде жұмыс берушілермен ауызба-ауыз тілдесіп, бос жұмыс орындары туралы жан-жақты ақпараттарға қанық болды. Өз мамандарын жаңартуға ден қойып отырған отандық компаниялар осы жерде болашақ кадрлармен жақын сөйлесіп, олардың білім-білік деңгейін бағалауға мүмкіндік алды. ҚарМТУ түлектерімен еңбек келісім-шартын жасасқан компаниялардың көпшілігін олардың кәсіби даярлық деңгейі қанағаттандырады.

 

Без рубрики