Студенттерге болашақ мансаптары жайлы


2017 жылдың 17  қарашасы күні ҚарМТУ-дың Жұмыс мамандықтарының орталығының ұйымдастыруымен студенттеріміз және магистранттарымыз  «Система» басқарушы компаниясы мен «Borusan Makina Kazakhstan LLP»  ИК ЖШС-нің өкілдерімен кездесті.

Кездесуге келген кәсіпорындардың жұмыс ерекшеліктеріне қарай ақпарат алушылар да қызығушылықтарына қарай екі топқа бөлінді. «Система» басқарушы компаниясының өкілі Олжабаева Асия Аманжолқызы  «Электроэнергетика», «Жылуэнергетика» және «Құрылыс» мамандығы бойынша білім алып жатқан білім алушыларға баяндама жасады. Ал «Borusan Makina» компаниясының атынан көрсетілім жасаған Бейсенбекова Салтанат Батарханқызы «Көлік, көлік техникасы және технологиясы» мамандығының білім алушыларына кәсіпорынға жұмысқа тұру, тағылымдамадан өту жайында әңгімеледі. Әр баяндамашы өз сөзін компаниялардың қызмет аясы, мақсат-міндеттері жайлы мәлімет беретін бейнекөрсетілімдермен толықтырып отырды.

Бұл шаралар білім ордамыз тарапынан түлектерді республика аймақтарындағы техникалық бағыттағы кәсіпорындарға жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету саясаты аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл,  бір жағынан, қызмет нарығында қандай мамандарға сұраныс барын зерттеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, университеттің профессор-оқытушылар құрамын түлектерді жұмысқа даярлауда ескеру қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп, сол арқылы кәсіпорынның сұранысына жауап беретін, бәсекеге қабілетті жас мамандарды дайындап шығару бағытын өзгертуге ықпал етеді.

Без рубрики