Шахандағы үйдің құлау себебі жарияланды

6 қаңтар күні ҚарМТУ жанындағы Қазақстан қайта құру және даму көпсалалы институтында (ҚазҚДКИ) Қарағанды облысының Шахан кентіндегі үйдің құлау себептерін сараптау қорытындылары бойынша баспасөз мәслихаты болып өтті. Журналистердің сауалдарына ҚазҚДКИ директоры, т.ғ.д. Жұмағұл Смағұлұлы Нугужинов жауап берді.

 

ҚазҚДКИ сарапшылары 1 қаңтар күні кешкісін жарылыс болып, салдарынан 9 адам қаза тапқан үйді мұқият тексерістен өткізген.«Көп қабатты үйдің құлауына жертөледегі жылу қазандығының жарылуы себеп болған. Жарылыстың нақты не себептен болғанын тергеу органдары анықтау үстінде. Ғимараттың бірінші, екінші, үшінші пәтер кіреберістерінің салмақ түсетін конструкцияларына айтарлықтай зақым келмеген», — деді институт директоры Жұмағүл Нугужинов.

Еске сала кетсек, ғимараттың жарылыстан зардап шеккен бөлігінде 15 тұрғын үй болған. Қазір бір-бірінің астында орналасқан үш бөлмелі  бес пәтер жөндеуге келмейді. Ал осы кіреберістегі сол жақ баспалдақтар тарапында орналасқан қалған 1 және 2-бөлмелі пәтерлер жөндеу жұмыстарынан кейін иелеріне қайта қоныстануға берілуі әбден мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, 1 және 2-бөлмелі пәтерлерді сақтап қалу үшін бұрынғы үй арасындағы жұқа қабырғасы жылыту жұмыстары жүргізіліп, қапталғаннан кейін сырт қабырғаға айналмақ.

Ал жылу қазандықтарына келсек,  тиісті ҚНмЕ (құрылыс нормалары мен ережелері) сәйкес оларды көпқабатты үйлерде  орнату заңсыз болып табылады.

«Ол жерде жылу қазандығы болмауы тиіс. 2.35.76 ҚНмЕ-нің 1,7 бабына сай көпқабатты тұрғын үйлерге қазандық орнатуға тыйым салынады», — деп нақтылады бұл туралы ҚазҚДКИ директоры.

ҚарМТУ баспасөз қызметі

Без рубрики