«Сергектік және денсаулық – 2017» спартакиадасы

Спорттық дәстүр: «Сергектік және денсаулық – 2017» спартакиадасы

ҚарМТУ-да профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер арасында оқу орны ректорының Кубогына дәстүрлі «Сергектік және денсаулық – 2017» спартакиадасы өтуде.

Спартакиада мақсаты ҚР «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңын жүзеге асыру және профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау мен олардың спортпен тұрақты шұғылдануына ықпал ету болып табылады.

Жарыстар спорттың үстел теннисі, волейбол, тоғызқұмалақ, футбол, президенттік көпсайыс және шахмат тәрізді алты түрі бойынша өткізілуде.

Командалық жарыстардың жеңімпаздары факультеттің спорттың барлық түрлері бойынша жинаған ұпай санына байланысты анықталады. Командалардың ұпай саны бірдей болған жағдайда 1-ші, 2-ші және т.б. орындарға неғұрлым көбірек ие болған факультетке басымдық беріледі.

Спорттық шараны негізгі ұйымдастырушылардың бірі – ҚарМТУ спорт клубының директоры Сергей Николаевич Кунах «политехта» 1980 жылдан бері қызмет істейді. Он екі жылдай оқытушы, аға оқытушы болған ол 1992 жылы спорт клубының директоры болып тағайындалған.

– «Сергектік және денсаулық » спартакиадасы сонау 80-ші жылдардың өзінде бар еді, — дейді Сергей Николаевич. – Ол қызметкерлер мен оқытушылар үшін дәстүрлі түрде жыл сайын каникул уақытында өткізіледі. Оның негізгі мақсаты – біріншіден, оқытушылар мен қызметкерлердің денсаулығын жақсарту болса, екіншіден, оларды дене шынықтыру мен спортпен тұрақты шұғылдануға тарту. Университетте волейбол, футбол, үстел теннисі бойынша денсаулық топтары, жаттығу залы, әйел адамдарға арналған шағын жаттығу залы жұмыс істейді. Оқытушылар мен қызметкерлердің спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін спорт кешені бар. Ал спартакиада ректор Кубогына өткізіледі, кәсіподақ 1, 2, 3 орын алған командаларға сыйақы беріп, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алға қойған халықтың 30 пайызын спортпен шұғылдануға тарту туралы міндет бары баршамызға белгілі. ҚарМТУ спорт клубы директорының айтуынша, тап осы мақсат үшін осындай бұқаралық спорттық шараларды мүмкіндігінше жиірек өткізген абзал.

– Бұрын спорттың әр түрі бойынша командалар жасақтау анағұрлым жеңіл болатын. Қазір қиындау, факультеттердің бәрі бірдей команда жинай алмайды. Өкінішке қарай, қазір оқытушылардың 15-17 пайыздайы ғана спортпен тұрақты шұғылданад. Студенттер одан да аз. Шаңғымен жүгіру, жүзу секілді спорт түрлерін жоғалтуға айналдық. Біздің спорт кешеніміз республика жоғары оқу орындарының ішінде үздіктерінің бірі. Алайда, бір мезгілде 300 адамнан артық қабылдай алмайтыны өкінішті. Студенттер мен 15 құрама команда кезектесіп жаттығады. Жергілікті тұрғындармен жұмыс бойынша коммерциялық топтар бар, солардың арқасында жылына 4 миллион теңгедей кіріс кіріп отыр, — дейді С.Н. Кунах.

Спартакиада 20 қаңтарға дейін жалғасады. Бірінші, екінші және үшінші орындарға ие болған командалар университет ректорының ауыспалы Кубоктарымен, грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Жарыс бағдарламасы және өткізілу уақыты:
1. Ү/теннисі —                     9 қаңтар;
2. Волейбол —                   10-13 қаңтар;
3. Тоғызқұмалақ —            12-13 қаңтар;
4. Футбол —                       16-20 қаңтар;
5 Президент.көп сатылы жарысы — 17-18 қаңтар;
6. Шахмат —                      19-20 қаңтар.

 ҚарМТУ баспасөз қызметі