«СЕРГЕКТІК ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ – 2017» СПАРТАКИАДАСЫ АЯҚТАЛДЫ

9-20 қаңтар аралығында ҚарМТУ-да профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері арасында оқу орны ректорының Кубогына дәстүрлі «Сергектік және денсаулық – 2017» спартакиадасы болып өтті.

Спартакиада мақсаты ҚР «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңын жүзеге асыру және профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау мен олардың спортпен тұрақты шұғылдануына ықпал ету болып табылады.

Жарыстар спорттың үстел теннисі, волейбол, тоғызқұмалақ, футбол, президенттік көпсайыс және шахмат тәрізді алты түрі бойынша өткізілді.

Спорттық шараны негізгі ұйымдастырушылардың бірі – ҚарМТУ спорт клубының директоры Сергей Николаевич Кунах «политехта» 1980 жылдан бері қызмет істейді. Он екі жылдай оқытушы, аға оқытушы болған ол 1992 жылы спорт клубының директоры болып тағайындалған.

– «Сергектік және денсаулық » спартакиадасы сонау 80-ші жылдардың өзінде бар еді, – дейді Сергей Николаевич. – Ол қызметкерлер мен оқытушылар үшін дәстүрлі түрде жыл сайын каникул уақытында өткізіледі. Оның негізгі мақсаты – біріншіден, оқытушылар мен қызметкерлердің денсаулығын жақсарту болса, екіншіден, оларды дене шынықтыру мен спортпен тұрақты шұғылдануға тарту. Университетте волейбол, футбол, үстел теннисі бойынша денсаулық топтары, жаттығу залы, әйел адамдарға арналған шағын жаттығу залы жұмыс істейді. Оқытушылар мен қызметкерлердің спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін спорт кешені бар.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алға қойған халықтың 30 пайызын спортпен шұғылдануға тарту туралы міндет бары баршамызға белгілі. ҚарМТУ спорт клубы директорының айтуынша, тап осы мақсат үшін осындай бұқаралық спорттық шараларды мүмкіндігінше жиірек өткізген абзал.

– Бұрын спорттың әр түрі бойынша командалар жасақтау анағұрлым жеңіл болатын. Қазір қиындау, факультеттердің бәрі бірдей команда жинай алмайды. Өкінішке қарай, қазір оқытушылардың 15-17 пайыздайы ғана спортпен тұрақты шұғылданад. Студенттер одан да аз. Шаңғымен жүгіру, жүзу секілді спорт түрлерін жоғалтуға айналдық. Біздің спорт кешеніміз республика жоғары оқу орындарының ішінде үздіктерінің бірі. Алайда, бір мезгілде 300 адамнан артық қабылдай алмайтыны өкінішті. Студенттер мен 15 құрама команда кезектесіп жаттығады. Жергілікті тұрғындармен жұмыс бойынша коммерциялық топтар бар, солардың арқасында жылына 4 миллион теңгедей кіріс кіріп отыр, – дейді С.Н. Кунах.

20 қаңтар күні аяқталған Спартакиаданың соңында оған қатысушыларды ҚарМТУ ректоры Марат Кеңесұлы Ибатов құттықтап, игі лебізін білдірді.

Жарыстар қорытындысы бойынша, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Тау-кен факультетінің командасы жеңіп алды. Ал екінші, үшінші орындарға, сәйкесінше, Инженерлік экономика және менеджмент факультеті мен Сәулет-құрылыс факультетінің командалары ие болды. Спорт түрлерінен: үстел теннисі, волейбол, шахмат бойынша – Тау-кен факультеті, көпсайыс пен футбол бойынша – Инженерлік экономика және менеджмент факультеті, тоғызқұмалақ бойынша – Машина жасау факультеті жеңімпаз атанды.

Спартакиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері университет ректорының ауыспалы Кубогымен, грамоталармен және ҚарМТУ бастауыш кәсіподақ ұйымының ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.