Аға ұрпақ жолы – жастарға үлгі


9 қаңтарда Кеңес жауынгерлерінің Ауған жерінен шығарылуының 29 жылдығы қарсаңында ҚарМТУ-дың «Жастар әлемі» студенттер мәдениет сарайында жастардың Қарағанды облысы «Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық ұйымының мүшелері – жауынгер-интернационалистермен кездесуі өтті.

Ауған жерінде шейіт болған сарбаздарды еске алу кешін Әлфараби  Серік  және  Айдана  Серікова атты белсенді студенттеріміз жүргізіп, фотосуреттер көрсете отырып, талай отбасының шаңырағын оттай шарпыған соғыстың зардаптары мен қасіретке толы күндері туралы баяндап берді.

Кездесуді университетіміздің Тәрбие ісі жөніндегі проректоры Назым Алпысбаева ашты. Ол Демократиялық Ауған Республикасында  он жылға созылған  бұл соғыста талай боздақ қыршынан қиылып, қаншама өрендей жастың елге орала алмай қалғандығын айтты.  Бұл ұрысқа Қазақстаннан 22 мың әскер аттанған. Отан алдындағы  борышын өтеуге кеткен жастардың  924-і ауған жерінде ажал құшып, біздің аймағымыздан соғысқа аттанған 25 сарбаз хабар-ошарсыз кеткен. Ал елге қайту бұйырған үш мың отандасымыз жарымжан боп қалған.  Сол жастардың ішінде біздің білім ордамыздың  студентері де  бар.

Жастарға аға ұрпақтың жүріп өткен жолынан сабақ беріп, бейбіт өмірді қадірлеуге, бүгіннің мәнін түсініп, барды бағалауға үндейтін осы кешке 200-ге жуық жас пен олардың оқытушылары қатысты. Олар елден жырақта жер жастанған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті.

Студенттермен сұхбатқа Қарағанды қ. ««Ардагер» Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» ҚҰ-ның төрағасы Талғат Хасенов келіп, өмірге деген құштарлық пен жауынгерлер арасындағы адал достықтың күші,  ұрыс даласындағы жанкешті оқиғалар, елге оралғаннан кейінгі сарбаздардың бейбіт өмірге бейімделе алмай қиналған кездері, әлі күнге дейін  бір-біріне қолдау көрсетіп отыратындықтары жайлы әңгімеледі. Ал оның замандасы, жауынгер, танк командирі  Ғалым Жакыпов майдан даласындағы сарбаздардың ерлігі  жайлы баяндап, жағадан алған жаумен ғана емес, безгек, сүзек сияқты ауыр дертпен алысуға тура келген сарбаздардың қиын күндерін еске алды.

Соғыс жайлы айта отырып, сол кездегі өрімдей жас жауынгер, бүгінде аға ұрпақ көшін бастаған жандардың барлығы бір ауыздан жастарға бейбіт өмір, жақсы білім тілеп қана қоймай, Отанын шексіз сүюге,  елін, жерін қорғауға әрдайым дайын болуға шақырды.

Кездесу жастар үшін өте мағыналы өтті, тарих беттерінің бір парағына айнала бастаған сол жылдардың ауыртпалығын жанды кейіпкерлердің өз аузынан есту студенттерді  есейтіп тастағандай еді. Бейбіт өмірдің баға жетпес құндылығын жүрекпен  сезініп, парқына баруға осындай күндер себепкер болары сөзсіз.

Без рубрики