Көптілді білім беру бойынша республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті

2018 жылдың 2-6 сәуірі аралығында көптілді білім беру саясатын жүзеге асыру, жоғары білімді жаңғырту мақсатында орыс тілі және мәдениеті кафедрасы Біліктілікті жетілдіру институтымен берлесе отырып, «Пәнаралық байланыстар көптілді білім берудегі кіріктірілген тәсілдемелер құралы ретінде» тақырыбында республикалық  оқытушылардың біліктілігін арттыру курстарын  өткізді.

 

Курстың басты міндеттері мен мақсаттары:

  • ҚР тілдердің шынайы жағдайын зерттеу және көптілді білім беруді дамытудың және енгізудің перспективаларын айқындау;
  • гуманитарлық, педагогикалық және техникалық пәндердің өзара ықпалдастығы мен әсері негізінде оқытудың пәнаралық дидактикалық  принциптерінің рөлін белгілеу;
  • көптілді маман тұлғасын тәрбиелеуде ғылым мен техника өкілдерінің өзара ықпалдасқан қызметі негізінде инженердің тілдік тұлғасын қалыптастыру;
  • орыс тілін және өзге тілдерді шетел тілі ретінде оқытудың әдістері мен тиімділігін арттыру.

Аталмыш дәрісте Назарбаев Университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Ақтөбе мемлекеттік медицина университеті, Е.А. Букетов атындағы ҚарМУ, ҚарМТУ  және колледж оқытушылары мен аймақтың мектеп мұғалімдері қатысып, өзара пікір мен идеяларын бөлісті. Мұнжа теориялық тұрғыдан сауатты, тәжірибелі  мамандардың арқасында көптілді білім беруді ЖОО, орта арнайы  және орта білім беру жүйесіндегі әдістемелік, әдіснамалық, ақпараттық мәселелерін жан-талқылау  мүмкін болды.

Тәжірибе бөлісу кезінде ҚарМТУ оқытушылары техникалық ЖОО-нда тілді оқытудың инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерін көрсете алды. Сондай-ақ мұнда «Дарын», «Мұрагер» сияқты арнайы мамандандырылған облыстық мектептердің көптілді білім берудегі тәжірибесі таратылды.  ҚарМТУ оқытушылары «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттермен бірге  мәдениеттану, психология, тарих, музака, этнографиямен байланысты жаңа оқыту технологиялары бойынша шеберлік-сыныптар, пікірталас алаңдарын көрсетті. Дарынды білім беретін мектеп мұғалімдері әрбір оқушының интеллектуалдық-тұлғалық қабілеттерін ескере отырып, тілді оқытудың тиімді әдістері мен стратегияларын баяндап берді.

Курс тыңдаушылары осы пікірталас алаңдарынан кейін көптілді білім берудің түп-тамыры мұғалім мен оқытушының шеберлігінде, оның әдістемелік сауаттылығы, жауапкершілігі мен ісіне деген сүйіспеншілігінде  екендігін бір ауыздан мақұлдады. Олардың ойынша, осындай дәрістік ортада тілді үйретудің жаңа кәсіби қырлары ашыла түсетіндігі, оқытушы білімі кеңейе түсетіндігі сөзсіз.

Әрине, кафедра оқытушылары осымен тоқталмай, біліктілікті жетілдіру бойынша  жаңа дәрістерді жандандыра түсуді жоспарлап отыр. Олар сондай-ақ мектеп, колледж мұғалімдеріне бұл істе қолдау көрсетіп, көптілді білім берудің инновациялық тәжірибелерін таратпақ.

Без рубрики