Республикалық көшбасшылар лагері


Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі 2017 жылғы 5 қаңтарда бекіткен жоспардың 34-тармағына сәйкес 24.10.2017ж. – 26.10.2017ж. аралығында Щучинск қ. «Discovery — Бурабай» сауықтыру лагерінде «Мәңгілік ел жастары — индустрияға» — «Серпін» әлеуметтік жобасы студент жастарының Республикалық көшбасшылар лагері өтті.

Іс шараның мақсаты – жастардың көшбасшылық, кәсіпкерлік қасиеттерін және бизнес жоспарлау дағдыларын қалыптастыру, инновациялық ойлауды, жасампаздық пен кәсіпкерлік құзыреттіліктерін дамыту болып табылды.

Аталған шараға Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Серпін» ОО жетекшісі Ш.А. Жетпісбай және «Серпін» бағдарламасы аясында білім алып жатқан «Электроэнергетика» мамандығының 3-курс студенті Ж. Ерназар қатысты. Көшбасшылар лагерінің бағдарламасы бойынша Серпін жастары Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сексен көлдің жағасында орналасқан Оқжетпес, Жұмбақтас, Абылай хан ескерткіштерінің тарихымен  танысып, көрікті жерлерге ат басын тіреді. Сонымен қатар спорттық ойындардан сайыс өтіп, тимбилдинг ұйымдастырылып, жетекшілер мен студенттер бес тақырып бойынша тренингтерге қатысып, ой – пікірлерін ортаға салды. Шараның аяғында Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, Ұлттық жобалар бақармасы басшысы К. Тобатаева  тренингке қатысушыларға арнайы сертификаттар табыстады.

Қазақ тарихы мен мәдениетінің, әні мен жырының үлкен құйқалы қыртысы осы сырлы сұлулықтармен, ел иесі, жер киесімен астасып жатқан Бурабайдың баурайында өткен Республикалық көшбасшылар лагері Серпін жастарына айқын мақсат, ұшқырлық, сенімділік сыйлай білді деген ойдамыз.

Без рубрики