Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтан» Республикалық туристік және өлкетану экспедициясына қатысу


08.10-12.10.2019 ж. «Қазақстан тарихы» кафедрасы меңгерушісі Ә. С. Сагатова «Туған өлкеңді біл» жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» Республикалық туристік-өлкетану экспедициясына Қарағанды облысының ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының және Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі ретінде қатысты.

Экспедиция барысында қатысушылар Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына барды. «Елтану»  экспедициясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Өз жеріңді таны» жобасы аясында ұйымдастырылды. Экспедицияның мақсаты — этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін нығайту, патриотизмге тәрбиелеу. Биылғы жылы экспедиция қатысушылары Абай оқуларының, «Мың бала», «Алғысым саған, Қазақстан!», «Ұлт қазынасы» және «Түркі әлемі: Күлтегін жырлары» фестивалі жүлдегерлері, ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшелері, блогерлер, журналистер мен ғалымдар қатысты.

Экспедиция 2 негізгі бағытты қамтыды. 8-10 қазан аралығында делегация Павлодар облысына барды.

Экспедиция мүшелері Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркінде, Бұхар жырау кесенесінде, Қаныш Сәтпаев мұражайында, Мұса Шорманұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесінде, Жасыбай көлінде, Қоңыр әулие үңгірінде, сақ қорғандарында және басқа да киелі жерлерде болды.

10-12 қазан аралығында экспедиция Шығыс Қазақстан облысында болды. Мұнда қатысушылар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне, Құнанбай құдығына, Зере мен Ұлжан кесенелеріне, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешеніне, Еңлік-Кебек кесенесіне, сондай–ақ «Алаш арыстары — М. Әуезов» мұражайына барды. Дөңгелек үстелдер, жергілікті тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылды. Қарағандылықтар осындай өлкетану экспедицияларына екінші жыл қатарынан қатысып келеді.

 

 

Без рубрики