Профессорлар аллеясы жаңа көшеттермен толықты

28 сәуір күні Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Туған жер» бағдарламасы аясында ҚарМТУ-дың «Профессорлар аллеясы» жаңа көшеттер отырғызылды.

Былтырғы жылдың 28 сәуірінде осы аллеяның негізі қаланып, университетімізді дамыту үшін елеулі  еңбек сіңірген Әбілқас Сағыновтың шәкірттері, үзеңгілес достары 47 ғалым мен оқытушы өз қолымен  осы жерге жас қарағай көшеттерін отырғызған еді. Әр қарағайдың түбіне профессордың аты-жөні жазылды.

Осы күннен бастап, бас корпустағы академик ескерткішінің артқы жағын бойлай аллеяның сүрлеуі салынып, университеттің жаңа ландшафты жасалды.

Қазіргі таңда алғашқы «Профессорлар аллеясы» мен «Түлектер аллеясында» сұлу да сымбатты қарағайлар тамыр жайып, көктеп келе жатыр.  Бұл жер тек білім ордамыздың студенттері мен оқытушыларының ғана емес, сондай-ақ қала халқының да сүйікті демалыс орнына айналған.  Олар сенбі, жексенбі күндері университет фонтанының жанында тынығып, аллеяда серуендейді.

Осы арада университет кампусының панорамалық түсірілімі биылғы жылы «Менің Қарағандым» фотобайқауының жүлдегері атанғанын айта кету керек. Сондай-ақ білім ордамыздың сәулетін әрлеп, келбетін әсемдеуге, аллеяның жаяужолдарын, жолжиектерін жасауға қолдау көрсеткен университет түлектеріне де алғыс айтқанымыз жөн.

Ал сәуірдің соңғы сенбісінде отырғызылған 19 қарағай кафедралардың бастамасымен шәкірттерінің бойында ізгі ой қалдырып, алғысына бөленген білім ордамыздың ардагер ұстаздары, профессорлар, басшылардың құрметіне тігілді.

Без рубрики