ОБЛЫСТЫҢ МЕКТЕПТЕРІ МЕН КОЛЛЕДЖДЕРІНІҢ ДИРЕКТОРЛАРЫ ҚАРМТУ-да БОЛДЫ

Бүгін, 12 қаңтарда ҚарМТУ-да Қарағанды облысының колледждері мен дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың директорлары болды. Біздің университетте жоғары технологиялық инновациялық жабдықтармен қамтамасыз етілген бірқатар заманауи зертханалар жұмыс істейтіні белгілі. Ал оқу орындары жетекшілерінің техникалық жоғары оқу орнына арнайы келуі туралы бастаманы жақында ҚарМТУ-ға келген сапарында Қарағанды облыстық Білім беру басқармасының басшысы А.Қ. Аймағамбетов көтерген болатын.

Педагогтардың мұнда келу мақсаты – орталықтардағы заманауи жабдықтармен, ҚарМТУ-дың зертханаларымен танысып, еліміздегі жетекші техникалық жоғары оқу орындарының біріндегі педагогтармен, ғылыми қызметкерлермен тәжірибе алмасу.

– Жұмысшы және инженер мамандарды кәсіби тұрғыдан жетілдіру бүгінгі Қазақстанның кадр саясатындағы басым бағыттардың бірі болып табылады, – дейді Білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Гүлсім Шабданқызы Қожахметова. – Мемлекет басшысы қазір елімізге инженерлік саланың білім-білігі жоғары жас мамандары ауадай қажет екенін үнемі айтып отырады. Сондықтан, облыстың колледждері ҚарМТУ-мен инновациялық және ғылыми зерттеулер, оқу орнының материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету және өндірістік саланың жоғары білікті мамандарын даярлау бойынша тәжірибе алмасып отырулары керек.

Ал Қарағанды қаласындағы Техникалық-құрылыс колледжінің директоры Светлана Керімбайқызы Балабекованың айтуынша, әр колледждің даму бойынша өз жоспары және соған сәйкес алға қойған міндеттері бар.

Бүгінде арнаулы орта оқу орындары үшін мектеп, колледж және жоғары оқу орны арасындағы сабақтастық мәселесі аса маңызды. Сонымен қатар, колледж студенттерінің ғылыми-зерттеу бағытындағы ізденістерін дамыту бойынша жоғары оқу орындарымен бірлесе жұмыс істеу де қажет. Қазіргі уақытта адамның кәсіби тұрғыдан жетістікке жетуі оның шығармашылық әлеуетіне байланысты. Сондықтан, жалпы жоғары білім беріп келген жүйені әр шәкірттің шығармашылық тұрғыдан дамуына бағытталған жүйе алмастыруы керек. Колледж студенттерінің зерттеу жұмыстарына араласуы оларды жоғары оқу орнына түсерде бәсекеге қабілетті етеді, ал зерттеуге бейімділігі өзгелерден озық болуына, кәсіби маман ретінде мейлінше жедел қалыптасуына септігін тигізеді.

– Біз ҚарМТУ жанындағы Қазақстан Дәнекерлеу Институтымен бұрыннан әріптеспіз, — дейді Қарағанды қаласындағы Кен-индустриалдық колледжінің директоры Геннадий Иванович Ивченко. – «Политехта» бірегей жабдықтар баршылық. Біздің колледждің оқушылары мұнда кәсіби тұрғыдан бейімделіп, аргондық дәнекерлеудің әдістері мен технологиясын меңгереді. Түрлі байқауларға дайындалады. Әсіресе осы саланың майталманы Игорь Анатольевич Бартеневке және ҚарМТУ-дың Дәнекерлеу Институтына ризашылығымызды білдіреміз.

Айта кету керек, колледждер мен дарынды балаларға арналған мектептердің директорлары ҚарМТУ-мен бірлескен жұмыстарға бек разы және осы жоғары оқу орнымен әріптестікті кеңейте түсу мақсатында алдағы уақытта келісім-шарт жасасуға әзір.

 

Без рубрики