«НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРІ» ДБҰ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ

18 қаңтар күні ҚарМТУ-да «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДБҰ-ның Басқарма Төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова бастаған өкілдерімен кездесу болып өтті. Кездесуге қатысушыларға сөз арнаған ректор, т.ғ.д., профессор Марат Кеңесұлы Ибатов олардың жұмысына табыс тіледі.

Отырысқа университеттің ректорат мүшелері, факультеттердің, оқу-әдістеме департаментінің, қабылдау комиссиясының өкілдері қатысты. Кездесу барысында Зияткерлік мектептерінің оқу бағдарламасындағы ерекшеліктер сараланды. Тараптар НЗМ түлектерінің университетке түсер алдындағы білімін қорытынды бағалау мен жекелеген пәндер бойынша несиелер бөлу мүмкіндіктерін ақылдасты.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің инженерлік-техникалық мамандар даярлауда байырғы дәстүрлері, қалыптасқан білікті педагогтар мен ғалымдар ұжымы бар.

Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқыту халықаралық деңгейде мойындалған A-level және IB Diploma бағдарламаларына барабар жоғары деңгейлі бағдарламалар бойынша жүргізіледі және соның арқасында қолданбалы-математикалық бағыттағы пәндер тереңдетіле оқытылады. НЗМ түлектерінің 80 пайыздан астамы жоғары оқу орнына түсерде техникалық және қолданбалы-ғылыми бағыттардағы мамандықтарды таңдайды.

Оқу мерзіміндегі, оқу бағдарламаларының мазмұнындағы, тіліндегі, Зияткерлік және жалпы білім беретін мектептердің түлектерін қорытынды аттестаттаудағы айырмашылықтарды ескере отырып,  ҚарМТУ басшылығы екіжақты тиімді әріптестіктің неғұрлым оңтайлы мүмкіндіктерін қарастыратын болады.