НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТ – ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ЖОО

Астана қаласындағы Назарбаев Университет осыдан жеті жыл бұрын құрылған еді. Осы аз ғана уақыт ішінде жоғары оқу орны заманауи оқыту жүйесіне, білім берудің үздік моделіне қол жеткізді. Мұны барған сайын артып келе жатқан талапкерлер мен студенттер саны да, Университет түлектерінің жоғары білім деңгейі де дәлелдеп отыр.

Университет тарихы оқу орнындағы Директорлар кеңесінің 2009 жылдың күзінде өткен алғашқы отырысынан басталды деуге болады. Онда университеттің алдағы үш жылға даму стратегиясы бекітілген еді. Бастапқыда «Астананың жаңа университеті» деп аталған оқу орнының атауы 2010 жылдың жазында «Назарбаев Университет» ДБҰ деп өзгертілді. Сол жылдың күзінде университет өзінің алғашқы студенттерін қабылдап, 2015 жылы тұңғыш түлектеріне дипломдарын табыс етті.

Назарбаев Университеттің көздегені – еліміздің барлық жоғары оқу орындарына үлгі болатындай білім беру моделін жасау. Бұл Қазақстанда академиялық еркіндік пен дербестік принциптері бойынша жұмыс істеп отырған алғашқы жоғары оқу орны. Университеттің негізгі мақсаты – кейін еліміздің дамуы мен гүлденуіне өзіндік үлесін қосатын мамандар даярлау. Білім беру сапасының әлемдік стандарттарына ден қойып, халықаралық тәжірибелерді зерттеудің және білім беру жүйесіне инновациялық әзірлемелерді енгізудің арқасында, бұл мақсатқа қол жеткізу мүмкіндіктері де артқан.

Қазір Назарбаев Университеттің құрамында жеті мектеп бар. Олардағы оқытулар инженерия, технология, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, бизнес, саясат, білім және медицина бағыттары бойынша жүргізіледі. Әрбір факультет бірнеше мамандыққа оқытады. Оқыту мерзімі, әркімнің таңдаған бағытына қарай, 5–9 жыл аралығында, ағылшын тілінде жүргізіледі.

Университеттегі оқытулар төрт бағдарлама бойынша жүреді. Олардың біріншісі – Foundation. Бұл – орта мектеп түлектеріне арналған даярлық курсы. Одан кейін 16 мамандық бойынша білім алуға болатын бакалавриат және магистратура (докторантура) бар. Ал төртінші саты біліктілік деңгейін арттыру бағдарламаларына тиесілі. Онда мемлекеттік қызметке, шағын және орта бизнес саласына барам деушілер білім-білігін жетілдіре алады.

Назарбаев Университетке оқу түсуге тілек білдіргендерге қойылатын талаптар өте жоғары. Әр бағдарламаның талапкерге қоятын өз шарттары бар. Foundation бағдарламасы бойынша базалық курстың студенті атану үшін талапкер алдымен тапсырыс беріп, онлайн-тіркеуден өтуі керек. Содан кейін қабылдау емтихандарын тапсырады. Бакалавриатта базалық курсты бітірген соң да, орта оқу орнынан кейін де түсіп оқуға болады. Неғұрлым жоғары талаптар магистратураға немесе докторантураға түсушілерге қойылады. Онда үміткердің еңбек өтілі, кәсіби қырларын сипаттайтын ұсыныс-мінездемелері жан-жақты сараланады.

Мемлекет оқу шығындарын жабуға гранттар бөледі, сондықтан қабылдау емтихандарын ойдағыдай тапсырған талапкерлердің Университетте тегін оқу мүмкіндігі бар. Назарбаев Университеттің грантына ие болғандарға жатақханадан тегін орын беріледі, ал Университетке дейінгі даярлық бағдарламасы бойынша оқитындар оған қоса үш мезгіл тамақпен мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Ақылы оқу түрі де бар. Бірінші кезекте бұл магистрантура мен доктарантураға қатысты. Дегенмен, бакалавриат студенттерінің де бір бөлігі ақылы негізде оқиды. Оқу ақысы жылына 21 500 АҚШ долларын құрайды.

Назарбаев Университет әу баста зерттеу мекемесі ретінде құрылған болатын. Сондықтан, мұнда ғылыми жұмыстарға жоғары маңыз беріледі. Қазіргі уақытта оқу орнында үш Орталық жұмыс істеп тұр. Олардың біріншісі – Назарбаев Университеттің инновациялық зерттеу жүйесі – энергетикалық технологиялар және олардың қоршаған орта мен климатқа ықпалын зерттеу бойынша жобаларды жасаумен шұғылданады. Қазақстан минералдық қорларға бай ел болғандықтан, оның жұмысы аса маңызды. Яғни, Орталықтың жұмысы энергетикалық сектордың дамуына әсер етеді.

Университет қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі медицина мен денсаулық сақтау саласындағы әзірлемелер болып табылады. Бұл іспен Өмір жайлы ғылымдар орталығы айналысады. Оның мақсаты – табиғат пен медицина жайлы білімді жетілдіру, сонымен қатар, қол жеткен мәліметтерді түрлі сырқаттардың алдын алуға, адамдардың өмір жасын ұзартуға пайдалану.

Университеттің Білім беру саясаты орталығы тиісті салада түрлі ғылыми зерттеулер жүргізеді. Мақсаты – білім беру саласында инновациялық жобалар жасау, шетелдік жүйелердің тәжірибесін зерттеу, осы саланы реформалау бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Бүгінде Университетте 45 ғылыми-зерттеу зертханасы жұмыс істейді, 80-нен астам жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мұндағы мамандардың жемісті еңбек етіп жатқанына оның мемлекеттік және халықаралық басылымдарда жарияланған көптеген ғылыми жұмыстары, Орталықтар берген патенттер дәлел бола алады.

Назарбаев Университеттің стратегиялық әріптестері ірі америкалық және британдық жоғары оқу орындары болып табылады. Оқу орны студенттер алмасу бағдарламасын қолдап, өзі де шетелдік азаматтарды оқуға қабылдайды. Университеттің үздік студенттері шетелдердің жетекші жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Айта кету керек, оқу ордасындағы оқытушылардың көпшілігі АҚШ, Ұлыбритания, Австралия және басқа да елдерден келген шетелдіктер. Әріптестер жоғары оқу орындарынан профессорлар шақырылады. Сонымен қатар, оқытушылар алмасу және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу бағдарламасы жұмыс істейді.

Халықаралық әріптестік – Университет қызметінде басымдық берілген бағыттардың бірі. Бұл, әрине, Қазақстан білім беру жүйесінің әлемдік деңгейге көтерілуіне ықпал етеді.

Назарбаев Университет өз студенттерінің жан-жақты дамуына жағдай жасап отыр. Студенттер мамандығы бойынша кәсіби даярлықтан бөлек,  оқу орнының түрлі клубтары мен ұйымдарында қосымша пайдалы істермен шұғылдана алады. Әркім өз қалауынша мәдениет пен өнер, шығармашылықтың сан түрі бойынша үйірмелерді таңдай алады. Жастардың денсаулығы мен дене шынықтыруына да жіті көңіл бөлінеді. Спорт университет өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.

Назарбаев Университет – әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны, еліміздің дамуы мен жарқын болашағына қызмет етіп отырған білім және ғылыми-зерттеу орталығы.

2013 жылдың 14 маусымында Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті мен «Назарбаев Университет» ДБҰ арасында әріптестік туралы Меморандумға қол қойылды.

Меморандумның мақсаты – бірлескен ғылыми зерттеулер мен білім беру жобаларын дамыту. Оның ішінде мыналар бар:

– студенттермен, ғылыми ақпараттармен алмасып, ҒЗТҚЖ жүргізу;

– инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен жүргізу бойынша тәжірибе алмасу;

– ғылыми семинарлар, тұсаукесерлер, дөңгелек үстелдер және т.б. ұйымдастыру мен өткізу.

Меморандумға қол қоймас бұрын, екі жақтың ғалымдары мен бөлімше жетекшілерінен құрылған жұмыс топтары бір-бірінің материалдық-техникалық базасымен инновациялық жобаларымен, ғылыми-педагогикалық әлеуетімен жан-жақты танысты.

Назарбаев Университетпен бірлесе атқарған оң нәтижелі істердің бірі – жаңа отандық гепатопротекторлық «Цитафат» препаратын клиникалық сынаудың екінші сатысы ойдағыдай өтті. Бұл препараттың клиникалық тиімділігі «Эссенциале» және «Легалон» тәрізді әдеттегі препараттардан 7-8 есе күшті. Оны емдеу тәжірибесіне енгізу үшін бірлескен зерттеу жұмыстары одан әрі жалғастырылуда. Назарбаев Университеттің Кен мектебімен әріптестік қатынастар да дамып келеді. Үстіміздегі жылдың маусым айында Назарбаев Университетке ҚарМТУ-да жасалған Патриоттық тәрбие моделінің ғылыми-әдістемелік кешені тарту етілді. Оның ішінде 263 монография, оқу құралдары, кітапшалар мен бейнематериалдар бар.

Бірлескен алқалы кеңестерден кейін Назарбаев Университеттің тәжірибесін тарату бойынша 2016-2017 жылдарға арналған Жол картасы жасалды.

 

Без рубрики