ҚАРМТУ БАЗАСЫНДА № 12 САҒЫНОВ ОҚУЛАРЫ СӘТТІ ӨТТІ

18-19 маусымда ҚарМТУ базасында «онлайн» режимінде «Ғылымды, білімді және өндірісті біріктіру – Ұлт жоспарын жүзеге асыру негізі» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция (№12 Сағынов оқулары) өтті.

Бұл конференция біздің жоғары оқу орнында инженерлік білім негізін алған, Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, Ұлт жоспарының бастамашысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында, сондай-ақ университеттің негізін қалаушы — академик Әбілқас Сағынұлы Сағыновтың туғанына 105 жыл толуына орай өтті.

2020 жылғы 27 мамырда онлайн-режимде өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сөйлеген сөзінде негізгі әлеуметтік салаларды реформалауға бағытталған стратегиялық маңызды бастамалар кешенін атап өтті. Бұл ретте экономиканың маңызды саласы ретінде білім беруге ерекше назар аударылды. Білім беру, мамандар даярлау және ғылыми зерттеулердің әлемдік деңгейіне қол жеткізу мақсатында оларға білім беруге жұмсалатын шығындарды — алты есе  және ғылымға жұмсалатын шығындарды жеті есе арттыруды қоса алғанда, мемлекеттік қолдаудың теңдессіз шаралары ұсынылды.

Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсаттары болып табылады. Ол үшін жемісті халықаралық ынтымақтастыққа шыға отырып, білімді, ғылымды және өндірісті біріктіруді одан әрі күшейту қажет.

Сағынов оқулары жоғары техникалық білім беруді, тау-кен ісін, энергетиканы, машина жасауды, құрылысты, көлікті және Қазақстан мен біздің серіктес-елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басқа да өзекті салаларын дамытуға бағытталған.

Конференцияда Төртінші өнеркәсіптік революцияда басты орын алатын өнеркәсіпті цифрландыру, IT- және Smart-технологияларды дамыту, энергия үнемдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Аталған бағыттарда Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті еліміздің техникалық жоғары оқу орындары арасында — көшбасшы және әлемдік білім беру кеңістігінде лайықты орын алуға ұмтылады. Университет жыл сайын Қазақстан ЖОО рейтингінде жетекші орын алады және 2018 жылдан бастап QS World University Ranking – университеттерінің ең беделді әлемдік рейтингтерінің бірінде ұсынылған Қазақстанның үздік ЖОО ондығына, сондай-ақ ұлттық рейтингтер нәтижелері бойынша көшбасшылар үштігіне кіреді, бұл университеттің даму стратегиясының тиімді саясатын растайды.

Конференцияға әлемнің 18 елінен, соның ішінде АҚШ, Жапония, Франция, Германия, Канада, Австрия, Үндістан, Ресей, Украина және т.б. 56 университеттен және ғылыми орталықтардан 800-ден астам баяндама келіп түсті. Конференцияға қызығушылықтың артуы  қарқынды дамып келе жатқан цифрлық өнеркәсіп үшін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауды жетілдіру, өндіріске қажетті инновациялық технологияларды енгізу шеңберінде білімді, ғылымды, өндіріс пен бизнесті біріктіруді күшейтудің нақты қажеттілігінен туындады.

№12 Сағынов оқулары жұмысына ҚарМТУ базасында құрылған «Корпоративті Университет» инновациялық-білім беру консорциумы кәсіпорындарының басшылары, оның ішінде ұлттық тау-кен металлургия кешенінің негізгі компаниялары – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ және басқа да көптеген кәсіпорындар қатысты.

Консорциум мамандарды даярлау сапасын арттыруға және ҒЗТКЖ-ны орындауға бағытталған білімді, ғылымды және өндірісті нақты біріктіру алаңына айналды.

Конференцияға ҚР Білім және ғылым министрлігі, Қарағанды облысының әкімдігі, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы» ММ, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы, Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясы, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және басқа да бірқатар ұйымдардан құттықтау сөздер мен құттықтаулар келіп түсті.

Конференцияны ҚарМТУ ректоры, конференцияны ұйымдастыру комитетінің төрағасы М.К. Ибатов ашты.

Пленарлық отырыста 9 баяндама тыңдалды. Баяндамашылар арасында:

  1. Сүлейменов Т.С., Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, Қазақстан Республикасының бірінші Сыртқы істер министрі;
  2. Katalinic Branko, өнеркәсіптегі автоматтандыру бойынша халықаралық ұйым президенті, Вена техникалық университетінің профессоры (Аустрия);
  3. Fidelis Suorineni, профессор, Назарбаев Университетінің деканы;
  4. Сидорович А.В., э.ғ.д., профессор, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының директоры (Ресей, Қазақстан);
  5. Алпысбес М.А., тар.ғ.д., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры;
  6. Быкадоров С.А., э.ғ.д., Сібір мемлекеттік қатынас жолдары университетінің профессоры (Ресей);
  7. Каюмов Д.И., «ENERGY SYSTEM LLP» ЖШС бас директоры (Қазақстан);
  8. Удербаев А.С., «Борусан Макина Қазақстан» ЖК ЖШС Персоналды басқару департаментінің директоры;
  9. Есекин М.К., Қазақстан Республикасының Энергетикалық аудиторлар, энергетикалық менеджерлер және энергетикалық сарапшылар Палатасының Басқарма Төрағасы.

«Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жаңғыруындағы стратегиялық бағыттар», «XXI ғасырдағы білім»; «Энергетика және энергияны үнемдеу»; «Автоматтандыру. Робототехника», «Телекоммуникациялар және өлшеу техникасы», «IT- және SMART-технологиялар»; «Геотехнологияның өзекті мәселелері», «Геология және жер қойнауын игеру»; «Металлургиядағы және материалтанудағы инновациялар», «Жаңа материалдар», «Машина жасауды дамыту перспективалары», «Сәулет және құрылыс», «Көлік және логистика», «Химия. Биотехнологиялар» — 14 секциялық отырыста  жоғары техникалық білім беруді, тау-кен металлургия кешенін, машина жасауды, құрылысты және басқа да бірқатар салаларды дамыту мәселелерін шешу бойынша кең ауқымды сұрақтар қарастырылды.

№12 Сағынов оқуларына қатысушылар Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті еліміздің техникалық білім беру жүйесінде көшбасшылық орынға ие бола отырып, Ұлт жоспарын, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын табысты іске асыру үшін барынша күш жұмсайтынын атап өтті. Білімді, ғылымды және өндірісті тек республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде де нәтижелі біріктіруге ерекше назар аударылды.

Жұмыс нәтижесі бойынша №12 Сағынов оқуларына қатысушылар іргелі және қолданбалы зерттеулерді кеңейту, инновациялық жобаларды әзірлеу және енгізу, цифрлы өндіріс саласында мамандар даярлау сапасын арттыру үшін  ғылыми және жобалау-конструкторлық ұйымдардың бірлескен құрылымдық бөлімшелерін құру негізінде мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының, таяу және алыс шетелдердің жетекші университеттерімен және өнеркәсіптік компанияларымен ҚарМТУ-дың ынтымақтастығын одан әрі жетілдіру бойынша нақты ұсыныстармен Қарар қабылдады.

Конференция қорытындысы бойынша ғылыми еңбектер жинағы электронды форматта шығарылып, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің сайтында жарияланатын болады.

Без рубрики