Н. Нұрмақовтың 125 жылдығына арналған аймақтық дөңгелек үстел

Егемен Қазақстанда қабылданған алғашқы заңдардың бірі 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылы 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Бүгінгі таңда елімізде Қазақстанға жер аударылғандарды қоса алғанда 350 мың заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды және мұрағат материалдарын зерттеу жұмыстары қазіргі уақытта жалғасуда. Елбасы: «…тарих сабақтары қазақстандықтардың қазіргі буыны ұғынып, жете түсінген кезде ғана құнды болады» – деп дұрыс атап көрсетті.

31 мамыр – Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан сұмдық ашаршылықты еске алу күні. Сан мыңдаған құрбандарды еске алу үшін біздің елімізде көптеген іс-шаралар өткізіледі, мұражайларда көрмелер ашылады, мемориалдарға гүлдер қойылады, жаңа деректер жарияланады. Біз мұны қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу құрметіне ғана емес, сол қорқынышты күндер қайтадан қайталанбауы үшін де жасаймыз. Өткеннің осы оқиғалары туралы шындық – бұл осындай жағдайдың бүгінгі күні және болашақта қайталанбауына берілетін кепілдіктердің бірі.

Осы атаулы күн қарсаңында ҚарМТУ өткен жүзжылдықтың 20-30-шы жылдарындағы көрнекті қоғам және саяси қайраткерлердің бірі, біздің жерлесіміз Нығмет Нұрмақовтың 125 жылдығына арналған аймақтық дөңгелек үстел өткізеді. 1924-1929 жылдары Н.Н. Нұрмақов Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болды. Қазақ АКСР астанасын Орынбор қаласынан Қызылордаға, одан кейін Алматыға көшіру туралы шешім қабылдауға тікелей қатысты. Қазақстанның бірінші конституциясының жобасын әзірлеу жөніндегі комиссияның және қазақ әліпбиін құру жөніндегі комиссияның төрағасы болды.

ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2018 жылғы 25 тамыздағы №228 бұйрығымен Нығмет Нұрмақовтың 125 жылдығын тойлау 2020 жылға арналған мерейтойлар мен атаулы күндер тізбесіне енгізілген. Соның шеңберінде бүкіл ел бойынша ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, олимпиадалар, естелік кештері, көрмелер, әдеби-шығармашылық кештер өткізілуде.

Осы іс-шаралар аясында Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті карантин режимін ескере отырып, 2020 жылдың 28 мамырында «Нығмет Нұрмақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі» атты аймақтық ғылыми-практикалық online дөңгелек үстел өткізеді.

Без рубрики