Дала дауылпазы Сәкен Сейфуллинге  – 125 жыл

 

Алда келе жатқан жаңа жыл ұлт руханиятының «Үш бәйтерегі»  қазақтың асқақ рухты, ұлтжанды ұлдары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толмақ. Өмірлері қысқа, тағдырлары ауыр болса да, артта қалған ұрпаққа ғибратты да мәнді туындылар мирас еткен «үш арыстың»  осы мерейтойы қарсаңында аймағымыздың түкпір-түкпірінде ауыз толтырып айтарлықтай іс-шараларды өткізе бастады.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» үндеуі аясында 2 қазан күні университетімізде Сәкен сынды сұңқар ақынның баға жетпес мұрасын жас ұрпаққа ұлықтап, таныту мақсатында «Рухани жаңғыру және Сәкен Сейфуллин» атты ауқымды ғылыми-тәжірибелік семинар болып өтті.

Осынау тәрбиелік тұрғыдан мәнді де құнды шараға бекзат ақынның ұрпақтары – Тоқа руының тумалары: Тұяқ Исабек, Әліп Жайлыбаев, Марғұлан Халиев, Аманберлі Исабеков, Бейсенбай Сқақов, Сұлтан Алтынханов, Кеңес Бейсенбеков, Елтай Саргизов, Тұңғышбай Игенбеков, Жарылқасын Бикенов, Әбдіқалық Омаров, Айдос Ахметов және Сәкеннің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, осы бағытта қалам тербеген Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың ғалымдары қатысты. Сондай-ақ жиынға Астанадан келген қонақтар мен ҚарМТУ-дың оқытушылары мен ғалымдары, Тау-кен факультетінің 1-2 курс студенттері де үлес қосты.

Семинарды ҚарМТУ-дың Кураторлар кеңесінің төрағасы Нұрбибі Смағұлова ашып, Сәкен Сейфуллиннің көркем туындыларын, оның тар жол, тайғақ кешуге толы өмір жолын бүгінгі жас ұрпақ білуі тиіс, біздің міндетіміз – алаш арыстарының еңбегі мен шығармашылығын оларға таныту, санасына сіңіру деп пікір білдірді.

Сәкен сияқты қазақтың айтулы тұлғасының мерейтойына арнап ұйымдастырылған осы шараға қатысып отырғанына қуанышын білдірген ҚарМУ-дың профессоры ф.ғ.д. Жандос Смағұлов  «Рухани жаңғыру және Сәкен Сейфуллин шығармашылығы» тақырыбындағы баяндамасын оқып, ақынның қазақ әдебиетін қалыптастырудағы рөліне тоқталды, оның Кеңес қазақ әдебиетінің негізін қалаған мұраларына, ағартушылық бағыттағы шығармашылығы, белсенді еңбек жылдары жайлы әңгімеледі. Ал ҚарМТУ-дың т.ғ.к. Қазақстан тарихы кафедрасының доценті  Сәуле Қасымова «Рухани жаңғыру тұрғысындағы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы Сәкен Сейфуллин тұлғасы» атты баяндамасында ақынның саяси қайраткерлік қыры,  қазақ қоғамын құруға ат салысқан

кезеңдері жайлы айтып өтті.  Сондай-ақ ақынның музыкалық шығармашылығы, әншілік өнері жайлы Жаңаарқа ауданының қоғам қайраткері, ұстаз Әліп Жайлыбаев баяндап берді.

Семинар-сабақ барысында Тау-кен факультетінің студенттері Сырым Нағызбаев пен Бекарыс Жұмабек ақынның ел ішіне кең таралған «Тау ішінде», «Көкшетау» әндерін нақышына келтіре шырқап, НД-17-2 тобының студенті Майра Әбдрахманова Тәттімбеттің «Тоқа» и «Сылқым қыз» күйлерін асқан шеберлікпен орындап берді.

Жиынды НД-16-2 студенті Әлихан Шәріпбек жүргізді. Кездесуді ел астанасынан арнайы ат терлетіп келген дәстүрлі әнші, ақын, драматург, «Сәкен-сұңқар» драмасының авторы және Сәкен образын сомдаушы актер Қанат Жүнісов түйіндеді.

 

Без рубрики