«Halloween» мерекелік шарасы


2016 жылдың 31 қазаны күні 15.00-де Бас корпустың 426 аудиториясында  «Halloween» мерекелік шарасы өтті.  Оны Орыс және шет тілдері кафедрасы америкалық оқытушы Taryn U’Halie-мен (ҚР АҚШ елшілігінің өкілі, Луизиана штаты,  Жаңа Орлеан, Colorado State University, Delgado Community College-нің ағылшын тілі оқытушысы, магистр ТEOSL/ТEFL) біріге отырып ұйымдастырды.  Оған ОжШТ кафедрасының оқытушылары, 50-ге жуық  студент және магистранттар қатысты.

Хэллоуин – ағылшын тілді елдерде 31 қазан күні өткізілетін мейрам. Мейрам «киелі күн» деген мағынаны білдіреді, себебі ол Ирландия және Шотландияның ежелгі кельттер дәстүрінен бастау алған. Барлық киелілер күнінің алдында тойланады.

Мерекелік шара кезінде ағылшын тілді елдердің мәдениетімен таныстыру мақсатында Хэллоуин мерекесінің тарихынан хабар беретін фото- және бейне- презентация көрсетілді. Бұл шараны өткізу кезінде әдебиет, елтану пәндері бойынша материалдар ұсынылды, студенттер ағылшын тілінде сөйлесіп, өзге елдердің мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен танысты. Бұл үшін қатысушылардың шығармашылық қабілетін дамытатын орта қалыптастырылып, олардың өз пікірін ағылшын тілінде айта білу, топта жұмыс істеу, сыни тұрғыдан ойлау, ағылшын тіліне деген қызығушылығын, ой-өрісін, өзге елдердің мәдениетіне деген құрмет сезімдері мен қабілеттерін дамытуға көңіл бөлінді.

Студенттер тәжірибеде өз білімдері мен берілген материалдарды түрлі жағдаттарда қолдануды үйренді. Олар топтық жұмысқа жаппай тартылды. Танымдық қабілеттерін арттыру үшін Taryn U’Halie түрлі инновациялық педагогикалық технологиялар мен әдістерді қолданды, ойын, шығармашылық түрде жаттығулар жасатты. Жеке және топтық жұмыстар орындалып, оқытушы берілген материал бойынша мәселелер қозғап, оны шешу үшін студенттерді тәжірибелік шешімдер шығаруға жұмылдырды. Тақтаға тақырып бойынша негізгі сөздер жазылып, миға шабуыл әдісі қолданылды.

Жұмыс кезеңдерінде студенттер топтарға бөлініп, оқытушы қиын сәттерде түсініктеме, кеңестерін айтып, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Өзгеше ұйымдастырылған дәрістің барлық кезеңі өзара сабақтастықта, көзделген мақсаттар мен міндеттерге жету үшін тиімді ұйымдастырылды. Жаттығулар да бір тақырыпқа бағындырылды, бейнекөрсетілімдер де қызықты болды. Бейнематериалды ұсынбас бұрын студенттерге  таныс емес сөздер мен түсініктердің тізімдері берілді. Студенттердің шет тілінде өз пікірін айта білу, сұрақ қою, ойын жинақтап, тиянақтай білуіне баса назар аударылды. Барлық тапсырмалар тілді білу дәрежелеріне қарай ұсынылып, мұнда олардың  болашақта мамандық бойынша қызметінде шет тілін қолдана білу қабілетін дамыту көзделді.

Іс-шара соңында студенттерге Хэллоуин мерекесінің символы –Джек шамдалын (Jack-o-lantern) жасау тапсырмасы берілді. Шамдал –мерекенің негізгі атрибуттарының бірі, қуыс асқабақтан көз, мұрын, ауызды ойып, жасайды. Жарықтандыру үшін көбінесе шамның ішіне балауыз жағады.

Сондай-ақ Taryn U’Halie дәстүрлі «Apple cider» шырынын, алмадан, дәмдеуіштер қосылған сусын жасап, қатысушыларға  ұсынды.

Без рубрики