ҚарМТУ студенттері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті

13 қараша күні Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттері Астана қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті.

Дәл осы күні кітапханада студент жастар «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» тақырыбындағы семинарға қатысып, Қазақстанның антиядролық бастамалары мен ядролық қарусыздану үдерісіне арналған көрмені тамашалады.  Әлемде жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесіне қатысты еліміз көтерген бастамалар жайлы маңызды экспонаттар мен көрнекі құралдарды көріп, арнайы бейнебаяндармен танысқан студенттер, экскурсия барысында Мемлекет басшысымен жүздесіп,  оның студенттік шақтағы естеліктерін тыңдады.

  • 1961 жылдан 1965 жылға дейін Қарағанды политехникалық институтында негізгі курстың бәрін бітірдім. Содан кейін факультеттің барлығын Теміртауға ауыстырып, Металлургиялық институт құрылды, деп, студенттік жылдарын еске алған Президент сол кездегі институт ректорының өзіне бастапқы оқу орнында қалып, машина жасау факультетін бітіру жайлы ұсыныс жасағанын айтты. Алайда мамандық ретінде болат қорыту ісін таңдаған ол, бұдан кейінгі білімін Теміртау қаласында металлургия саласы бойынша қалай жалғастырғанын әңгімеледі. Күні бүгінге дейін бірге оқыған достары, жолдастарымен хабар алысып, жүздесіп тұратынын баяндай отырып,  Елбасы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне  «Қазақстандағы ең жоғарғы дәрежелі политехникалық университет болып табылады» деген баға берді.

Сондай-ақ кездесу барысында  ел Президенті студенттердің қал-ахуалын, жатақханамен қамтамасыз етілу жағдайын сұрады. ҚарМТУ-дың жаңа жатақхана салу ісін жоспарлап отырғандығын тілге тиек етіп, өзі оқыған білім ордасының  бүгінгі жайынан хабардар екендігін білдіртті.

Анар Сәрсенбекова,

ҚарМТУ баспасөз қызметінің басшысы

 

Фото  akorda.kz сайтынан

Без рубрики