Елбасы жолдауы аясындағы дөңгелек үстел

9 ақпанда Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауын талқылауға байланысты дөңгелек үстел өтті. Оған ҚарМТУ-дың бірінші проректоры А.З. Исагулов, тәрбие ісі жөніндегі проректор Н.А. Алпысбаева және білім ордамыздың ППҚ-ның өкілдері және «Жас Орда» студенттер кәсіподағы ұйымының мүшелері қатысты. 

Университет қабырғасында өтіп жатқан талқылауға «Жас Орда» студенттер кәсіподағы ұйымының жас мүшелері қаламыздың №58 орта мектебінің оқушылары және мектеп директоры Татьяна Владимировна Балгабекова да келіпті.

Аристотель Зейнуллинович сөзінің басында жастарға білім ордамыздың тарихы Президенттің өмірімен тығыз байланысты екендігін атап өтіп, жастарға мейлінше ерте жастан бастап, ел өмірінде болып жатқан елеулі оқиғаларға бей-жай қарамай, Отанымыздың игілігі үшін қызмет етуге әрдайым дайын болу керектігін айтты. Осыған байланысты Жолдау аясында университетте қолға алынатын шараларға қысқаша тоқталып өтті.

№58 орта мектебінің  директоры Татьяна Владимировна Балгабекова  мұндай кездесулердің жас ұрпақ үшін маңызды екендігін баса айтып, «ҚарМТУ және мектебіміз арасындағы серіктестік ұзақ жылдар бойы жалғасын тауып келеді. Мектебімізде ҚарМТУ студенттерінің үлгісінде және олардың тікелей қолдауымен «Жас Орда» ұйымы құрылған. Бұл біздің оқушылардың да азаматтық ұстанымын нығайтып, түрлі гуманитарлық бағдарламаларға қатысуына мүмкіндік береді.  Осылайша, оқушылар мектепте оқып жүрген кезінен бастап, университет өмірімен танысып, ЖОО-ндағы білім беру ерекшеліктері жайлы танымын кеңейтеді»,-деді. 

Бірінші проректордың сөзін тәрбие ісі жөніндегі проректор Назым Аманғазықызы Алпысбаева жалғастырды. Ол орта және жоғары білім беру процесі арасындағы байланысқа тоқталып, білім берудің аталмыш деңгейлерінің ел азаматын оқытып, тәрбиелеудегі  өзгешеліктерін түсіндірді. Сондай-ақ білім саласында Жолдау аясында болатын игі өзгерістер жайлы тілге тиек етті.

Басқосуда сонымен қатар «Жас Орда» студенттер кәсіподағы ұйымының мүшелігіне кірудің студенттер мен оқушыларға тигізер пайдасы, университеттің қоғамдық өмірінде жастар қозғалысының алар орны жайлы пікірлер айтылды. Дөңгелек үстелдің соңында «Жас Орда» оқушылар ұйымы мен университет арасындағы меморандумға қол қойылды.