Ең үздік жанкүйерлер – біздің университетімізде


XVIII Халықаралық қысқы Универсиаданың аяқталғанына бір айдан астам уақыт өтті десек те, осы спорттық сайыстардың нәтижелері әлі күнге дейін жеңімпаздарымен қоса,  өз жанкүйерлерін де қуанышқа бөлеуде.

Халықаралық сайыс қорытындысына қатысты осындай жақсы хабарлардың бірі біздің университетке де келіп жетті. «Универсиаданы қолда» желеуімен аталмыш қысқы ойындарға қолдау көрсету мақсатында өткен Алматыдағы сайыста білім ордамыздың студенттері жүлдегерлер қатарынан көрініп, «Ең үздік жанкүйер» медалі мен дипломына ие болды.

Жанкүйерлер сайысын Алматы қалалық жастар саясаты басқармасы мен «Вечерний Алматы» газеті ұйымдастырған. Шарт бойынша республикамыздың түкпір-түкпірінен келген  ЖОО-ның студенттері жас спортшыларға рух беріп, арқаландыра түсу үшін түрлі ұрандар мен бейнебаяндар, селфи фотосуреттерін жариялауы тиіс еді. Университетіміздің «Жас Орда» студенттер ұйымы ассоциациясының мүшелері бұл сайыста да үздік нәтиже көрсетіп, білім ордамыздың мәртебесін бір көтеріп тастады.  Жанкүйер студенттер арасында алғашқы ондыққа кірген біздің студенттермен тек Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері иық тірестіре алған еді. Ондыққа кірген басқа ЖОО туралы  айтар болсақ, олардың қатарын Алматылық білім ордаларының студенттері толтырды.

Жеңіс құтты болсын, жалынды жанкүйерлер!

 

 

Без рубрики