Еңбегімен еңселі ғалым


2017 жылдың 15 қарашасы күні ҚарМТУ-дың 1-корпусында   «Маркшейдерлік іс және геодезия» кафедрасының профессоры  Рафаил Петрович Окатовты еске алу құрметіне орай ғылыми «Геодезия, маркшейдерия және геомеханикадағы лазерлік-есептеу технологиялары» атты ғылыми-танымдық семинар өтті.

Оған тау-кен ісі мамандығында оқып, білім алып жатқан 3-курс студенттері мен аталмыш кафедраның ұстаздар қауымы қатысты. Іс-шараның шымылдығын ҚарМТУ-дың құрметті профессоры, тау-кен ісі, маркшейдерлік ісінің танымал маманы Р.П. Окатовтың шәкірті әрі оның ісін жалғастырушы, осы кафедраның профессоры Фарит Камалұлы Низаметдинов ашты. Ол өз сөзінде ұстазының өмір жолы, ғылыми ізденістері, осы салада ойлап тапқан жаңалықтары жайлы сөз қозғады. Ал кафедра меңгерушісі Е.Н. Хмырова,  профессор В.Н.Долгоносов және аға оқытушы  Г.Н.Рахимов және ұстаздан тәлім алған өзге де шәкірттер ғалымның адами қасиеттері, студенттерге деген қамқорлығы мен сүйіспеншілігі жайлы әңгімеледі.  ҚарМТУ-дың ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Сергей Георгиевич Ожигин:

  • Рафаил Петрович өте сабырлы және адамгершілігі мол адам еді. Оның шәкірттері ғалымды ұмытпай, үнемі еске алып отырады. Өйткені ол өз студенттеріне білім беріп қана қоймай, әкелік қамқорлықпен балалардың материалдық, рухани жағдайын  ойлап жүретін еді, — деді.

Р.П. Окатов ашық қазба жұмыстарының маркшейдерия және геомеханика саласындағы физика-механикалық қасиеттерді, тау-кен массивінің жарықшақтығы мен құрылымын зерттеу саласындағы ірі ғалым болды.  Ол – біздің университетімізде білікті инженер кадрларын дайындауға зор үлес қосқан бірден-бір педагог. Кафедрада жұмыс істей жүріп, Рафаил Петрович жер қыртысын зерттеу ісіндегі оқу, материалдық және ғылыми базаларды нығайтуға, оқу процесін жетілдіруде көп жұмыстар атқарды.  Оның ғылыми еңбектері, әсіресе, «Тау-кен ісі»  мамандығының «Маркшейдерлік іс» бағытындағы «Тау-кен геометриясы» пәні бойынша өте құнды оқу-құралдар мен оқу-әдістемелік нұсқаулықтары осы күнге дейін маңызын жойған жоқ.    Ғалымның тау-кен қазбаларын дәл әрі нақты жүргізу мақсатында ойлап тапқан жер қыртысының қиябеттері мен беткейлерінің беріктігін қамтамасыз етудегі зерттеулері бүгінгі таңға дейін отандық және шетел ғалымдарының қызығушылығын тудыруда.  Р.П. Оқатов – ашық өндіру геомеханикасы бойынша 3 монография мен 150-ден астан ғылыми мақалалары авторы.

– Қазіргі таңда оның қалдырып кеткен ғылыми жұмыстарын цифрлық технологиялар базасындағы автоматтандырылған жүйелерге көшіру жұмыстары жасалуда. Ғалымның математикалық есептеулерінің дәлдігі сондай оның сол кездерде қағаз бетіне түсіріп кеткен формулаларын компьютер бағдарламасында есептесек, мүлде қате таппаймыз, — дейді ғалымның ізін жалғастырушы  Фарит Камалұлы Низаметдинов.

Ғылыми семинар соңында «Қазақстан Маркшейдер Одағының» атынан «Маркшейдерлік іс және геодезия» кафедрасының студенттер мен оқытушыларға осы іс-шараға белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттар берілді. Ал Тау-кен факультетінің ГиК-17 тобының студенті Денис Летвиновқа  «Геодезия, маркшейдерия және геомеханикадағы лазерлік-есептеу технологиялары» ғылыми семинарын ұйымдастыруға ат салысқаны және үздік оқығаны үшін Р.П. Окатов  атындағы арнайы шәкіртақы тағайындалды.

Без рубрики