Дөңгелек үстел тақырыбы: «ҚР Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Үндеуі: қазақстандық тәжірибенің ел болашағының дамуына ықпалы»

16 ақпан күні ҚарМТУ-дың 1-корпусында Елбасының өз өкілеттігінің біраз бөлігін Үкімет пен Парламентке өткізуге қатысты  Үндеуіне және 2017 жылғы 31 қаңтардағы  «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына жолдауының тармақтарын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны ұйымдастырған – ҚарМТУ-дың Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы. 

Басқосуға білім ордамыздың ППҚ және студенттері қатысып, кездесудің құрметті қонақтары ретінде облысымыздың ірі университеттерінің саясаттанушылары және әлеуметтанушы ғалымдары шақырылды. Мұндағы мақсат – еліміздің демократиялық институттарының нығаюындағы заң шығарушы және атқарушы билік өкілеттіліктерін арттырудың маңызын жастарға түсіндіру, студенттер элитасымен салиқалы да салмақты пікір алмасу ортасын құру.    Кездесуде сондай-ақ Президент Жолдауында белгіленген негізгі басымдықтардың  тармақтары, оның ішінде еліміздің технологиялық дамуы және білім беру жүйесінің жетілдірілуі кеңінен қарастырылды.

Алғашқы болып, сөз кезегін алған университетіміздің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Назым Аманғазықызы Алпысбаева, қатысушыларды  келген қонақтармен таныстырып, дөңгелек үстелдің тізгінін Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Асем  Серікқызы Сағатоваға ұстатты. Одан кейін баяндама жасау кезегі қонақтарға: Қарағанды «Саясаттанушылар конгресі» ҚҚ-ның директоры, Қазтұтынуодағы ҚЭУ-нің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Есет Жемісбекұлы Есенғараевқа, О.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған мемлекеттік университетінің т.ғ.к., профессор Тұрғанбек Қайпназарұлы Алланиязовқа, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың Философия  және мәдениет теориясы кафедрасының аға оқытушысы, философия магистрі  Павел Петрович Солощенкоға және Қарағанды облысы дін істері департаментінің әлеуметтанушысы, ә.ғ.к., ҚарМУ-дың Саясаттану және әлеуметтену кафедрасының доценті Анжела Албановна Инжиголянға берілді.

Қарағанды «Саясаттанушылар конгресі» ҚҚ-ның директоры Есет Есенғараев өз кезегінде мемлекеттің үшінші жаңғыру жолына түсуі  үшін әрбір Қазақстан азаматының осы оқиғаға деген азаматтық-мәдени қөзқарасы және шынайы ниеті мен оң пікірі өте  маңызды деген ойды айтты. Ол: «Елімізде өмір сүріп, осы оқиғалардың куәсі болып отырған әрбір адам өзіндік ерекше қасиеті бар жеке тұлға, сондықтан біздің әрқайсымыздың негізгі міндетіміз осы айрықшалығымызды сақтай отырып, оны туған елдің игілігіне қызмет ету үшін жұмсау болу керек», — деп түйіндеді.

Ал философия магистрі  Павел Солощенко одан бұрын айтылған пікірлерді тұжырымдай келе, «Қазақстан Республикасының үдемелі дамуы ел билігінің болашақта жүзеге асатын  жаңғыру жобаларының маңызын жете түсініп, оған қолдау көрсетуімен  тікелей байланысты»,- деді.

Қарағанды облысы дін істері департаментінің өкілі Анжела Инжиголян баяндамасында бүгінгі тарихи маңызды өзгерістер жасалып жатқан кезеңдегі мемлекеттік билік өкілдерінің қызметінің тиімділігін және өзара байланысын жан-жақты зерделеп берді.

Без рубрики