Болашақ

Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» Халықаралық стипендиясы

1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы № 1394 Жарлығымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы құрылған болатын. Бағдарламаның пайда болуы уақыт талабына сай келді. Мемлекетіміз енді ғана тәуелсіздік алысымен көптеген реформалардың өмірге келуін талап еткен экономикадағы еркін нарықтық қатынастар жолына, демократия және әлемдік қоғамдастыққа толыққанды кіру жолына түсті. Кез келген реформаны жүргізу өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға қабілетті білікті кадрлардың болуын талап ететіндігі барлығымызға белгілі. Советтер елдеріндегі мемлекеттер тарихында алғаш рет талантты жастарға толықтай мемлекет есебінен шетелде білім алу мүмкіндігі берілді. 1994 жылдан бастап 2004 жылды қоса алғанда, «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде 700 стипендиат әлемнің 13 елінде білім алды. «Болашақ» халықаралық стипендиясы табысты карьералық өсудің және оның түлектерінің кәсіби тұрғыда пайдасын тигізуінің өзіндік кепілі болды. Бағдарламаның көптеген түлектерінің мемлекеттік қызметте, мемлекеттік және халықаралық ұйымдарда, акционерлік құрылымдарда жауапты орындарда болу, әртүрлі мемлекеттік және халықаралық жобаларда жұмыс істеп, осылайша мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосу фактілері осының айғағы. Алайда «Болашақ» бағдарламасын іске асыруды ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету тұрақты жетілдіруді талап етеді. «Болашақ» бағдарламасын іске асырудың бастапқы кезеңінде (1994-1997 жылдар) 30 пайыздан астам стипендиат үлгерімдерінің төмен болуы салдарынан бағдарламадан шығып қалды немесе оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстанға оралмады. Қазақстанға қайтып оралмаудың жоғары үлесінің негізгі себебі стипендиаттардың мемлекет алдында қандай да бір міндеттердің болмауынан екендігін талдау көрсетті. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 3 наурыздағы № 3375 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» стипендиясын тағайындау тәртібі туралы ереже әзірленді. Ереже құжаттар қабылдау және үміткерлерді іріктеу рәсімін қарады, сондай-ақ стипендиаттарды Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарына оқу курсы аяқталғаннан кейін жұмысқа орналастыруды қарастырды. Шешуін талап еткен басқа мәселенің бірі оқу бағыттарындағы үйлеспеушіліктер туралы мәселе. 1994-1997 жылдары «Болашақ» стипендиясы негізінен қазақстандық жоғары оқу орындарының экономикалық және гуманитарлық факультеттерінің түлектеріне тағайындалды. Техникалық факультеттің түлектері бағдарламада өте аз ұсынылды, бұл техникалық мамандықтар оқу жоспарында экономикалық және гуманитарлық мамандықтармен салыстырғанда шет тілдері аз көлемде оқытылуына байланысты болды. 2000 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеу ережесін бекіту туралы» 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығының шығуына байланысты инженерлік және техникалық білім алған үміткерлер шет тілінің біреуін еркін білу туралы талапты есепке алмай, «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу құқығына ие болды. Сондықтан, 1994-2004 жылдары «Болашақ» халықаралық стипендиясының іске асырылуы кезеңінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі стипендия тағайындауға үміткерлерді іріктеу әдістемесінде тәжірибе жинақтады. Осы жылдары Үміткерлерді іріктеу ережесі екі рет 1997 жылы және 2000 жылы өзгертілді. Енгізілген әрбір жаңашылдық белгілі бір нәтижелер шығара отырып, алдыңғы жылдарда жинақталған тәжірибеге негізделді және қазақстандық қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді есепке алып, бағдарлама алдына жаңа міндеттер қойды. 2005 жылы Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында жас және талантты үш мың қазақстандыққа «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша әлемнің жетекші оқу орындарында оқу мүмкіндігін ұсыну қажеттігі туралы жариялаған болатын. Стипендиаттар санын арттыру қажеттігі уақыт талабы. Мемлекет қалыптасқан нарықтық экономика жағдайында бәсекеге қабілетті экономика моделіне және индустриялық-инновациялық даму, білім және ғылым, менеджмент, маркетинг, логистика, жаңа ақпараттық технологиялар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау және т.б. саладағы мамандар қажеттілігі үнемі артып отыратын Қазақстан үшін басымды салалардың тұрақты өсуіне негізделген даму жолын таңдап алды. Мемлекет басшысының «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының санын арттыру бойынша бастамасын іске асыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 4 сәуірдегі № 301 қаулысымен осы мақсатта бекітілген «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамына тапсырылды. 2008 жылдан бастап ғылыми және педагог қызметкерлерге ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігі ұсынылды, сондай-ақ ауыл жастары, мемлекеттік қызметшілер, ғылыми және педагог қызметкерлер үшін квоталар енгізілді. Бағдарлама шеңберінде алынатын білім сапасын арттыру мақсатында «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерін оқыту және ғылыми тағылымдамадан өткізу үшін ұсынылатын шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтары мен зертханаларының тізімі қысқартылуда. Оған әлемдік рейтингіде жетекші орындарда тұрған үздік университеттер кіретін болады.

Без рубрики