Бейіндік магистратураның алғашқы түлектеріне диплом тапсырылды

10 ақпан күні ҚарМТУ-да МИИДБ-2 мамандарын даярлау бойынша жаңа тәжірибелік-бағдарлық білім беру бағдарламаларына сәйкес бейіндік магистратураны бітірген алғашқы 120 түлекке диплом тапсыру салтанатты рәсімі өтті.

Диплом беру сәтінде ҚарМТУ ректоры Марат Ибатов:

– Сіздер Қазақстанда «Металлургиядағы нанотехнологиялар» және «Робототехника. Басқару жүйелері» инновациялық профильдері бойынша техника және технологиялар магистрі дипломын бірінші болып аласыздар! Сіздерге Президенттің жаңа Жолдауында қойылған Қазақстанды мордернизациялаудың үшінші кезеңі бойынша тапсырмаларды орындауға тікелей қатысу құрметіне ие болдыңыздар. Сондықтан сіздер ғылыми-техникалық прогрестің ең өзегінде болып табыласыздар. Әрқашанда алдарыңызда тұрған мақсаттарыңызға, ойлаған ойларыңызға, аңсаған армандарыңызға жетулеріңізге тілектеспін! Сіздерді әрқашан биіктен көрейік! Біздің университетіміздің абыройын жоғары деңгейде сақтаңыздар! — деді.

Осы бағдарламаға тоқталар болсақ, 2015 жылы Қазақстанда МИИДБ-2 басым бағыттары бойынша 11 базалық жоғары оқу орны анықталған болатын. Солардың қатарына біздің Университет те енген болатын еді.

2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап университетте «Металлургиядағы нанотехнология» және «Робототехника. Басқару жүйелері» инновациялық білім беру бағдарламалары бойынша бейіндік магистратура аясында мамандарды даярлау жұмысы  басталды.

Бұл білім беру бағдарламалары әлемдік рейтингтің ТОП-500 қатарына енетін, еуропалық және ресейлік әріптестермен бірлесе отырып, бітіртуші кафедра профессорлары әзірледі. Магистрлерді даярлау үшін мемлекеттік білім гранттары, әрбір мамандыққа 62 грант бөлінді. Болашақ мамандарды даярлаудың халықаралық стандарты оқу процесіне жаңа зертханалық жабдықтарды енгізумен қамтамасыз етілді.  Оқу жылы басталмас бұрын Университетте «Металлургиядағы инновациялық технологиялар лабораториясы» және «ҚарМТУ – Schneider Electric» автоматтандырылған оқыту орталығы құрылды.            Олар еуропалық және американдық компаниялардың заманауи оқыту-өндірістік және ғылыми-зерттеу техникалық және бағдарламалық кешендерімен жабдықталды.  Оқыту процесінде шетелдік университеттер және кәсіпорындардың жетекші профессорлары және тәжірибелі мамандары қатыстырылды, олар дәрістер оқып, семинарлар мен консультациялар өткізді.    Магистрлік диссертациялар тақырыптары серіктес-кәсіпорындармен келісіліп, белгілі ғылыми-техникалық мақсаттарды орындауға, кәсіпорындарды дамытуға және жетілдіруге бағытталды. Оқыту процесі кезінде барлық магистранттар шет елдердің жетекші жоғарғы оқу орындарында тағылымдамадан және кәсіпорындарда тәжірибеден өтті.

  Қазақмыс Корпорациясы, «Арселор Миттал Темиртау» АҚ, Құю зауыттарының өндірістік одағы, «Қарағанды Жарық», «КАЗПРОМАВТОМАТИКА», «Караганда Энергоцентр» сияқты ірі кәсіпорындардың тапсырысы бойынша жасалған магистрлік жобалар сәтті қорғалды.

ҚарМТУ Ресейдің жетекші техникалық университеттерімен бірге, әлемдігі робототехникалар шығарушы іргелі кәсіпорындардың бірі «Фесто» (Австрия, Германия) концернінің қолдауымен, халықаралық «Синергия» білім беру жобасын жүзеге асыру ісінен едәуір тәжірибе жинаған. Сол тәжірибенің арқасында өндірістік үдерістерді автоматтандыру кафедрасының базасында бейіндік магистратураның жаңа «Робототехника. Басқару жүйелері» пәнаралық бағдарламасы жасалды.

Бағдарламаны жасағанда әлемнің жетекші университеттерінің ұқсас бағдарламалары негізге алынып, осы саладағы ірі мамандар – шетелдік профессорлар шақырылды, сонымен қатар, 53 елді біріктіріп отырған, штаб-пәтері Венада орналасқан робототехника және автоматтандыру жөніндегі ірі халықаралық DAAAM ұйымымен қарым-қатынас орнатылды.

Мұндағы негізгі мақсат – қолданбалы инжинирингтік мақсат-міндеттерді шешу және магистранттарды практикалық тұрғыдан жан-жақты даярлау. Магистрлік диссертациялардың тақырыптары кәсіпорындармен келісіліп, ғылыми-техникалық міндеттерді жүзеге асыруға, таңдалған кәсіпорынды дамыту мен жетілдіруге бағытталды. Әрбір магистрант университет және кәсіпорынмен арадағы үшжақты келісім-шартқа қол қойып, кейін жұмысқа қабылдануына кепілдік алды. Оқыту барысында барлық магистранттар шетелдердің жетекші жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтіп, ал тәжірибеден кәсіпорындарда өтті.

 «Қазақмыс» корпорациясы, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ, «Электровоз құрастыру зауыты»,   «Қарағанды Су», «КАЗПРОМАВТОМАТИКА»,   «Қарағанды Жарық», «Караганда Энергоцентр»,  «Теплотранзит Қарағанды»,  Қарағанды фармацевтикалық кешені және басқа сала құраушы кәсіпорындардың тапсырыстары бойынша 64 магистрлік жоба қорғалды. Алғашқы түлектердің бәрі де жұмыспен қамтылды. Олардың төртеуі Ресейдегі маңдайалды жоғары оқу орындарының бірі – «ИТМО» ұлттық зерттеу университетінің (Санкт-Петербург) магистратурасында қос диплом бағдарламасы бойынша оқуларын жалғастырады.