Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойы аталып өтті


Салтанатты іс-шара  18 тамыз күні қазақтың ұлы биінің туған жері – Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылында өтті. Оған он мыңнан аса адам – парламент депутаттары, мемлекеттік органдар жетекшілері, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

ҚарМТУ да аталмыш ауқымды шараға аймағымыздың өзге ірі жоғарғы оқу орындарымен бірге қатысып, киіз үй тігіп, тойға келген қауымды қарсы алды. Жалпы, мерекелік шарада 100 шақты үй тігілді.

Салтанатты мереке жан-жақтан келген меймандардың Қазыбек би бабамыздың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Одан кейін еліміздің еңселі биінің құрметіне арналған халықаралық айтысқа қатысушы ақындар арнау айтып, танымал әртістердің қатысуымен мерекелік концерт қойылды. Облысымыздың шығармашылық ұжымдары арнайы әзірлеген «Қаз дауысты Қазыбек би» атты театрландырылған қойылымы көрсетілді.

Той дәстүрлі түрде қазақ күресі және аламан бәйге сынды спорт сайыстарына ұласты.

Қаз дауысты Қазыбек бидің қазақ руханиятындағы тарихи тұлғасын дәріптеу, рухани мол мұрасын зерттеу, шешендік өнерді болашақ ұрпаққа насихаттау – университет ұжымы үшін де үлкен міндет.  Атап айту керек, халқымыздың рухани өсуіне із салған атақты биінің ескерткіші ҚарМТУ-дың  алдында орналасқан.

Без рубрики