ҚарМТУ-да студенттердің «ТУҒАН ЖЕР» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

30 наурыз күні Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында студенттердің «ТУҒАН ЖЕР» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Конференцияның басты мақсаты — жастар арасында өлкетану зерттеулеріне деген қызығушылықты, туған жер тарихына деген сүйіспеншілікті арттыру, сол арқылы олардың бойында азаматтық ұстаным қалыптастырып, шынайы патриотизмге тәрбиелеу.
Конференцияны Қазақстан тарихы кафедрасының доценттері т.ғ.к. Машакар Жүнісқызы Сүлейменова және Сәуле Сүйіндікқызы Қасымова ашып берді. Олар «Туған жер» жобасының ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының басты бағыттарының бірі екендігін айта отырып, оның негізгі нысанына тоқталды. «Туған жер» жобасының мәнін туған елге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлерін құрмет көрсету, дамытуға атсалысу, азаматтардың өзінің туып-өскен ортасын танып-білуге, зерттеуге деген құлшынысын арттыру деп түсіндірді. Сондай-ақ олар аталмыш жобаның аймақтағы білім беру, экология және экономикалық жағдайларды жақсартуға бағытталғанын да атап өтті.
Конференция жұмысына Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушылары мен ЖОО-ның студенттері қатысты. Тау-кен, Жол-көлік, Инженерлі экономика және менеджмент факультеттерінің студенттері өздерінің туып-өскен өлкелері, ауыл-қалаларының тарихы, ескерткіштері, әсем табиғаты, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жайлы шағын зерттеулерін ұсынды, туған жердің адам өміріндегі рөлі жайлы пікірлерін айтты.
Конференция соңында эксперттік комиссия мүшелері жиынның қорытындысын жасап, ең үздік баяндамалардың авторларына аталмыш конференцияның дипломдарын табыстады.

Без рубрики