Қариясы бар елдің қазынасы бар


1 қазан күні Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде дәстүрлі қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Әдеттегідей жыл сайынғы бұл кездесу «Политехник» кафесінің залында болды. Кездесуге ҚарМТУ-дың ардагер ұстаздары, ғалымдары қатысты.

Ардагерлерді құттыған ҚарМТУ-дың ректоры т.ғ.д., профессоры Марат Ибатов:

– Құрметті ұстаздар, ардагерлер, бізге үлгі болған, аға ұрпақ, сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, амандық тілеймін! — дей отыра, кештің қонақтарына университеттің бүгінгі жетістіктері және табыстары жайлы баяндап, әрбір ұстаз бен қызметкердің білім ордамыздың іргетасын қалап, табыстан табысқа жете беруіне қосқан үлесінің зор екендігін басып айтты.  – Сіздердің еңбегіңіз біздің тарапымыздан ұмыт қалған жоқ. Өздеріңіз салған жолды ізбасарларыңыз абыроймен жалғап келеді. Сондықтан бүгінгі мереке көптен көріспеген достарыңызбен кездесіп, бір-бірлеріңізге көңіл-күй сыйлайтын жақсы бір отырыс болсын, деп, ЖОО-ның басшылығы өзінің студенттік шағында дәріс алған оқытушылары мен қызметтес болған кешегі әріптестерін жылы сөздермен еске алды.

Басқосуда сондай-ақ ҚарМТУ-дың құрметті азаматтары – Ұлы Отан соғысының ардагері С.Г. Понамарева, тыл ардагері Л. Н. Билык, ҚарМТУ Ардагерлер кеңесінің төрағасы профессор Ю.Д. Обухов, профессорлар И.Д. Арыстан, Ю.М. Ким сөз алып, осы отырған замандастардың соғыс, тың игеру, индустриаландыру, қайта құру сияқты үлкен саяси-тарихи кезеңдерді басынан өткеріп, бүгінгі жастарға білім мен ғылымда, өнер мен әдебиетте бай мұра қалдырған саналы да мықты ұрпақ болғандарын татап өтті. Барлық қариялар бір-біріне шынайы тілектері мен жылы лебіздерін арнап, зор денсаулық және бейбіт өмір тіледі.

Жиынға Қарағанды облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының өкілі Алемгүл Жакупова, университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Назым Алпысбаева және ҚарМТУ Кәсіподақ төрағасы Әубәкіров Нұрлыбек Маманұлы да қатысып, мереке иегерлеріне игі тілектерін білдірді. Әрбір жақсы сөз университет студенттерінің шығармашылық ұжымдарының концерттік нөмірлерімен әрленді. Ең жігерлі ардагерлер вальс билеп, ҚарМТУ Жастар саясаты департаментінің қызметкерлері орындаған жастық шақ әндерін қосыла шырқады. Берекелі де бай дастарханнан дәм тартып, сұқбаттасқан қариялар өздеріне қуанышты сәттер сыйлап, ерекше көңіл-күйге бөлеген университет қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдіріп, тарқасты.

 

Без рубрики