Қарағандыда геологтар форумы өтті


2018 жылдың 30 наурызы күні Халықаралық геологтар күні қарсаңында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің  «Жастар Әлемі» студенттер сарайында ҚарМТУ-дың 65-жылдығы, «политехникалық институттың» 60-жылдығына арналған геологтар форумы өтті. Геологтар кәсіби мерекелерін жыл сайын сәуір айының алғашқы жексенбісі тойлайды.

Форумда  аға буын ардагер геологтардан бастап, ғалым, оқытушы және жас геологтар түгел бас қосты. Сонымен қатар жиынға Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті республикалық мемлекеттік мекемесінің «Центрказнедра» аймақаралық департаментінің басшысы, т.ғ.к. Азамат Жеңісұлы Шалабаев, Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық – инновациялық даму басқармасының басшысы м.а. Қайрат Ғұсманұлы Шорманбаев, «Центргеолсъемка» ЖШС бас инженері, Құрметті кен барлаушысы  Бейбітшілік Қадырұлы Изақов,  ҚарМТУ түлегі, «Азимут геология» компаниясының  директоры Рахат Күзембайұлы Мұстафин, «Казгеология» АҚ  «Центргеология» аймақтық филиалының директоры, Құрметті кен барлаушысы Талғат Военұлы Матишев, білім ордамыздың  тау-кен факультетінің «Геология және пайдалы кен орындарын барлау» кафедрасының оқытушылары мен  студенттері қатысты.

Өз сөздерінде жиын қатысушылары осындай кәсіби іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы, Геология саласын дамытудың 2030 жж. арналған концепциясы аясында кәсіби мамандардың бір араға келіп, өндірістік мәселелерді талқылап, шешімін табуда, геологтар еңбегін дәріптеп, жас буынға үйретуде бұл басқосулардың  мәні арта түсетіндігіне  тоқталды. Сондай-ақ мұнда геология және геофизикалық өндіріс орындарына кадр тәрбиелеп келе жатқан университетіміздің сонау Қаныш Сатпаев іргесін қалап кеткен отандық геология саласын дамытудағы рөлі айтылды. Айта кету керек, қазіргі таңда 4,5 мыңнан астам университет түлектері еліміздің түкпір-түкпіріндегі өндіріс орындарында қызмет етіп, еліміздің өнеркәсібін дамытуға өзіндік үлесін қосып жүр.

Форум барысында аймақтың ең үздік геологтарға, осы саланы ғылыми тұрғыдан зерттеуге үлес қосқан ғалымдарға ҚР инвестиция және даму министрлігінің, Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төс белгісі, грамоталары және алғыс хаттары, Геологиялық өндіріс орындары ассоциациясының – «Құрметті кен барлаушысы», «Кен барлау ісінің үздігі», «Кәсібіне адалдығы үшін» марапаттары, ҚарМТУ ректорының құрмет грамоталары табысталды. Осылайша форумның алғашқы күнінде өткен салтанатты жиын университет студенттері мен оқытушылары тарапынан әзірленген концертпен аяқталды.

Форумның екінші күні Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті, «Центргеолсъемка» ЖШС, «Азимут геология» компаниясы, «Казгеология» АҚ  «Центргеология» аймақтық филиалы, ҚарМТУ командалары арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылып, футбол бойынша достық матч өтті.

Без рубрики