ҚАРАҒАНДЫДА АЛАУ ЭСТАФЕТАСЫ ӨТТІ

Бүгін, 26 қаңтар күні Қарағанды облысының екі қаласында – Теміртау мен Қарағандыда Универсиаданың Алау эстафетасы өтті.

Алау «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның № 2 домна пешінен тұтандырылды. Елбасының серігі, еңбек ардагері Қуаныш Омашев алауды тұтатып, оны алып эстафета бағытымен жүгіретін алаугерге – Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінің студентіне берді.  Дәл осы мезгілде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев пен Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті тау-кен факультетінің студенттері Нұрбол Жүсіпов пен Серік Жүнісов Т.Күзембаев атындағы шахтаға түсіп, «Қарағанды-Арена» мұз сарайындағы негізгі алауқұтыға апару үшін көмір өндірді.

Өңірлік Алау эстафетасының қашықтығы 12 шақырымды құрады: оның 3 шақырымы Теміртау қаласы және 9 шақырымы Қарағанды қаласы бойынша. Бұл аралық әр алаугерге 200 метрден бөлініп берілді. Универсиада алауын алдын ала іріктелген 60 алаугер кезекпен алып жүгірді. Қарағандыдағы эстафетаның алғашқы екі жүз метрін жүгіріп өткен облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Алауды ҚарМТУ машина жасау факультетінің 4-курс студенті Сергей Ивановқа берді. Алау эстафетасына ҚарМТУ-дан 6 адам қатысты, олар: Айбат Қалқаманов (С-14-2 тобы), Ерхан Қабыл (ФИТ-14-1п.), Сергей Иванов (МАШ-13-4), Айдар Болатов (ОП-14-4), Манара Құспекова (СТМ-16-1 тобының магистрі), Аятолла Набиев (БЖД-13-1).

Қарағандыдағы «Шахтер» стадионының алдында Алау эстафетасының құрметіне салтанатты митинг өтті. Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жиылған қауымды арнайы құттықтап, игі лебізін білдірді.

– Бүгін барлық қазақстандықтар үшін, соның ішінде барша қарағандылықтар үшін айтулы күн. Қарағанды металлургия комбинатының домна пешінен тұтанған Универсиада алауына жолай Қарағандының көмірі де салынды. Қарағанды жері тәуелсіз еліміздің байырғы экономикалық, өнеркәсіптік тірегі болғандықтан, бұл біз үшін айтарлықтай кәде. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбексүйгіш табиғаты осы топырақта қалыптасқан, еңбек жолы мен саясаткер ретіндегі тұлғасы осы жерде сомдалған. Осынау тарихи шараға қатысып отырған баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Осы күндері күллі әлемдегі спорт қауымының назары Қазақстанға ауып отыр.  Қазақстандық спортшылардың, әсіресе біздің өңіріміздің өкілдерінің Бүкіләлемдік Универсиадада лайықты өнер көрсетуіне тілектеспін, – деді өңір басшысы. 

Алау Мұз сарайына жеткізілгенше, қала халқы алаугерлерге жол бойы қошемет көрсетумен болды. Тәуелсіздік монументі алдында ҚарМТУ студенті Универсиаданы қолдау флешмобын ұйымдастырды.

Сағат 16.00-де Алау діттеген жерге Мұз сарайына жеткізілді. Алауларды негізгі құтыда біріктіру салтанатында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков сөз алып, Универсиаданың ел өміріндегі маңызы туралы сөз айтты.

Әлемде түрлі бағыттағы қайшылықтар толастамай тұрған қазіргі уақытта спорт бейбітшіліктің елшісіндей роль атқармақ, деді Нұрмұхамбет Қанапияұлы.

Теміртау мен Қарағандыда өткен эстафета алаулары ҚарМТУ студенттері әкелген көмір салынған негізгі құтыда біріктірілді. Бұл, бір жағы, металлургтер мен шахтерлердің бірлігін дәріптеген рәсім болды.

 «Қарағанды-Арена» айдынында болған шоуда мәнерлеп сырғанаушылар мен шорт-трек шеберлері, Омбы қаласынан келген балет әртістері өнер көрсетті.

Шара соңынан Алау арнайы құтыға салынып, «Эйр Астана» әуе компаниясының ұшағымен Алматыға жол тартты. Оны Универсиада астанасына боксшы, Алау эстафетасының техникалық делегаты Абылайхан Жүсіпов алып барады.

Айта кетелік, XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиада 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында өтеді. Жарыстарға әлемнің 57 елінен екі мыңнан астам спортшы қатысады. Универсиада барысында 3 мың ерікті жұмыс істеп, қызмет көрсетеді. Шетелдерден 30 мыңдай қонақтар мен туристер келеді деп күтілуде.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің еріктілер қатарындағы студенттері:

Сәулет-құрылыс факультеті
1. Айжан Қаңтарбаева, С-16-2 тобы
2. Камила Еңкібаева, ТС-16-1 тобы
3. Абзал Әрінов, ТС-16-1 тобы

Тау-кен факультеті
4. Манас Әспенғазыев, ГПР-15-2 тобы
5. Айдана Қайырқұл, ГИК-15-1 тобы

Машина жасау факультеті
6. Әділжан Мұқанбетжанов, МЕТ-16-1 тобы
7. Айбар Ғалымбек, МЕТ-16-2 тобы
8. Аяулым Ошанова, МЕТ-16-1п тобы
9. Нұртілек Қайыркенов, МАШ-15-2 тобы

Инновациялық технологиялар факультеті
10. Елена Скакова, ХТОВ-14-2 тобы
11. Малика Абдолова, БТ-16-1 тобы

Инженерлік экономика және менеджмент факультеті
12. Инабат Мәуленова, НВП-16-1 тобы
13. Айдана Есбаева, ФИЭМ-15-2 тобы
14. Сабина Сулайманова, ФИЭМ-15-3 тобы
15. Сабина Садықбекова, ФИЭМ-16-1 тобы
16. Татьяна Янкова, ФИЭМ-15-3 тобы

Энергетика, автоматика және телекоммуникация факультеті
17. Арыстан Оразбеков, ПС-16-2 тобы
18. Асылбек Бақытбекұлы, АиУ 16-1 тобы
19. Айсұлтан Кәрібаев, ИС-16-1п тобы
20. Галя Орманбаева, ПС-16-2 тобы