2016 жылдың 22 қарашасы күні көрнекті ғалым, педагог, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің проректоры Виктор Владимирович Егоров өмірден өтті.


Егоров В.В.

ВИКТОР ВЛАДИМИРОВИЧ ЕГОРОВ

Ол бар саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнады. Оның осынау мәртебелі салаға сіңірген еңбегін тізіп айту қиын. Еңбектері лайықты бағаланып, бірнеше рет мемлекеттік наградаларға ие болды: КСРО ХШЖК және Қазақ КСР ХШЖК медальдарымен, «В.И.Лениннің туғанына – 100 жыл» мерейтойлық медалімен, Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталып, А.Г.Неболсин атындағы Халықаралық қор сыйлығының иеленген; жоғары оқу орындары арасында өткен жарық көрген оқу және оқу-әдістемелік құралы байқауының, сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы байқауының жеімпазы атанған.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Ресей кәсіби білім академиясының академигі, Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі бола жүріп, Виктор Владимирович Қазақстан Республикасының кәсіби білім беру саласын дамытуға орасан үлес қосты.

Университет ұжымын көп жылдар бойы алға жетеледі. Адамдарды басқарып қана қоймай, олардың жағдайын түсіну, қабілетін көріп, әлеуетін сезіну екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес. Ынтымақты ұжым өзінен-өзі пайда болмайды, оны Нағыз Көшбасшы қасиеті бар тұлғалар жасап, тәрбиелейді.

Виктор Владимирович Егоров өзінің Қазақстанда ғана емес, бірқатар шетелдерде мойындалған халықаралық деңгейдегі Педагогикалық мектебін қалыптастыра білді. Мектептің жалпы бағыты қоғамды ақпараттандыру тұрғысынан кәсіби педагогиканы дамыту үрдісіне әбден сай. Оның жетекшілігімен 6 докторлық, 32 кандидаттық диссертациялар қорғалды. Ол кәсіби білім беру мәселелері бойынша инновациялық ғылыми әзірлемелер даярлауға жетекшілік жасады. Оның ғылыми-педагогикалық мектебі жасаған еңбектердің нәтижесі оқу орындарының білім беру үдерісіне, сонымен қатар, ТМД елдеріндегі жетекші өнеркәсіп кәсіпорындарында қолданысқа енгізілді.

Виктор Владимирович Егоров өз өмірін шығармашылық ізденістерге, ғылым мен білімге қызмет етуге арнады. Ол 1945 жылдың 10 маусымында Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында дүниеге келген. 1968 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Қарағанды политехникалық институтын «Қара және түсті металдарды құю өндірісі» мамандығы бойынша тәмамдады. В.В. Егоровтың еңбек жолы «Каргормаш» өндірістік бірлестігінде басталды.

Педагогикалық қызметін алғаш 1976 жылы Қарағанды политехникалық институты құю өндірісі кафедрасының доценті болып бастады. 1977 жылы ғылыми диссертациясын сәтті қорғап, техника ғылымдарының кандидаты атанды.

1986-1996 жылдары В.В. Егоров Қарағанды педагогикалық институты жалпы техникалық пәндер және еңбекке баулу әдістемесі кафедрасының меңгерушісі болды. 1995-1996 жылдары осы жоғары оқу орнының әлеуметтік және экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры қызметін атқарған. 1996-2008 жылдар аралығында Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті кәсіби-көркемөнер факультетінің деканы болды.

1995 жылы «Шәкірттерді кәсіби-еңбекке оқыту үшін инженер-педагог даярлаудың ұйымдастыру-педагогикалық негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. 1997 жылы В.В. Егоровқа профессор ғылыми атағы берілді. 2000 жылы Халықаралық ақпараттандыру академиясының, 2001 жылы Ресей кәсіби білім академиясының, 2003 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Білім беру академиясының, ол қайта құрылған 2005 жылы Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының, 2008 жылы Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі атанды.

В.В. Егоров Бірлескен диссертациялық кеңес ашу туралы бастама көтеріп, 1999 жылдан оның төрағасы, одан соң «13.00.01 – Жалпы педагогика, педагогика мен білім беру тарихы, этнопедагогика» және «13.00.08 – Кәсіби білім берідің теориясы мен әдістемесі» мамандықтары бойынша докторлық диссертация қорғау жөніндегі бірлескен кеңестің (Астана қ.) мүшесі болды.

2009 жылдан өмірінің соңына дейін Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің проректоры болды.

В.В. Егоровтың еңбектері Қазақстанмен қатар, алыс-жақын шетелдерге де жақсы танымал. Импульстік қалып машиналарының қолданыстағы модельдері Үндістан, Алжир, Германия, Польша, Ресей және басқа елдерде өткен халықаралық көрмелерге апарылды.

800-ден астам ғылыми еңбектердің, соның ішінде ҚР БҒМ мақұлдаған 9 оқулықтың, 20 монографияның, 28 оқу құралының, Ресей мен Қазақстанда патенттелген 26 өнертабыстың, 21 автоматтандырылған оқыту бағдарламасының, 10 электронды оқулықтың, импакт-факторлы журналдарда жарияланған 11 мақаланың авторы

Біз осындай зиялы, жаны жайсаң, ақжүрек Азаматпен жақын араласқанымызды мақтан тұтамыз. Кәсіби маман ретінде ол әрдайым терең білімімен, еңбекқорлығымен, мақсаткерлігімен, сенімді де үлкен жауапкершілікті болмысымен ерекшеленді. Виктор Владимирович өз ісіне адал, өміршең бастамаларға жақын тұлға еді.

Ол өз елімізде де, одан шет жерлерде де абыройлы болды, Отанымызға сіңірген еңбегі мол.

Жақын дос, адал әріптес Егоров Виктор Владимировичтің қайтыс болуына орай аза тұтып, оның барша жақын-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз.

Марқұммен қоштасу 2016 жылдың 25 қазаны күні сағт 11.00-де Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің бірінші корпусында өтеді (Бейбітшілік бульвары, 56).

А.М. Ғазалиев, Ж.А. Әбішев, З.М. Молдахметов, Н.О. Дулатбеков, Қ.М. Медиев, Е.Б. Аймағамбетов,
Ғ.М. Мұтанов, Е.Қ. Көбеев, Т.Ф. Самойлюк,
Ж.О. Жылбаев, Қ.Н. Меңлібаев

Без рубрики