ТАУ-КЕН САЛАСЫНЫҢ ГЕНЕРАЛЫ: ҚҰРМЕТТІ КЕНШІ Н.А. ДРИЖДКЕ – 90 ЖЫЛ!

2017 жылдың 29 желтоқсаны күні Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің кең залында Қарағанды облысының құрметті азаматы, Қазақ ұлттық жаратылыстану академиясының, Ресей кен ғылымдарын академиясының академигі, т.ғ.д., ҚарМТУ-дың Әдеп бойынша Кеңесінің төрағасы  Николай Александрович Дриждің мерейтойына орай  ұйымдастырылған Ғылыми кеңестің салтанатты  жиыны өтті.

КСРО Мемлекеттік сыйлығының екі  мәрте лауреаты, екі Ленин орденінің, Еңбек Қызыл Ту,  «Достық», «Құрмет» және «Ахмет Байтұрсынов» ордендерінің, «Кеншілер даңқы» толық белгісінің кавалері, «ҚарССР-і еңбек сіңірген кеншісі», ҚР «Құрметті кенші», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерінің иегері, «ҚР үздік ЖОО оқытушысы», Қарағанды облысы, Қарағанды, Саран, Шахтинск қалаларының құрметті азаматы, Қазақ ұлттық жаратылыстану академиясының, Ресей кен ғылымдарын академиясының академигі, т.ғ.д., ҚарМТУ-дың Әдеп бойынша Кеңесінің төрағасы  Николай Александрович Дрижд бүгін 90 жасқа толып отыр. Атақты кеншіні құттықтау үшін облысымыздың  ірі тау-кен өндіріс орындары «Арселор Миттал Темиртау» АҚ, Қазақмыс Корпорациясы, «Шұбаркөлкөмір» АҚ-ның басшылары, бас мамандары, облыс ардагерлерлері ұйымының мүшелері, облыс әкімі Ерлан Жақанов, әкімшілік мамандары, қала басшылығы және университет ғалымдары келді.

Салтанатты жиынды білім ордамыздың басшысы Марат Кеңесұлы Ибатов ашып, мерейтой иесін құттықтап, жиынның құрметті қонақтарымен таныстырды.

Облыс әкімі Ерлан Кошанов өз атынан ғалымның өмірі мен қызметінің мемлекеттік деңгейдегі маңызына, өлкеміз бен еліміздің өндірісін дамыту ісіне қосқан үлесіне тоқталып, ардагер кеншінің кеудесіне Елбасы атынан төсбелгі тағып, Н.Ә. Назарбаевтың мерейтой иесіне арнаған алғыс сөздерін оқыды.

Одан кейін ҚР Мәжілісі Парламентінің депутаты Асқар Ермырзаұлы Базарбаев кеншінің ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ұстанған саяси стратегиялық бағытына жан-жақты қолдау көрсеткендігіне баса назар аударып,  ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Н. З. Нығматуллин  жолдаған алғыс хатты оқып берді. Содан кейін ел Парламенті атынан Н.А. Дрижд үшін арнайы жасалған сағатты табыс етті.

Құттықтаушылардың сөзін Николай Александровичтің қызметтестері мен шәкірттері жалғастырып, тәлімгер-ұстаздары жайлы жүрекжарды лебіздерін айтып, ыстық тілектерін білдіріп, әзірлеген сый-сыяпаттарын ұсынды. Әріптестері, ғылыми және кәсіби қауымдастық өкілдері Николай Александровичті ой-өрісі кең, болжампаз, ерік-жігері мықты, өте еңбекқор жан және өз кәсібінің нағыз маманы деп қошаметтеп, құрмет тұтатындықтарын да жасырмады. Оны жақыннан танып, бірлесе жұмыс жасау мәртебесіне ие болған жандар құрметті кенші жайлы «Ол –  өте парасатты ұстаз, жақсы дос және нағыз адал қызметтес жолдас»,- деді.

Н.А. Дрижд –   ол жайында мақала, очерк жазған авторлардың айуынша «Аңыз адам», «Тарих адамы», «Тау-кен саласының генералы», «Тау-кен білімі, ғылымы және өндірісінің генералы, «Тау-кен өндірісінің дарынды басқарушысы».  Оның есімі тек еліміздің кен саласын зерттеушілер қауымына ғана емес, шетелдік ғылыми қауымдастықтардың арасында да кеңінен танымал. Осы бір ерекше адамның бойына біткен дарыны, діттеген мақсатына жетпей қоймайтын табандылығы мен қай мәселені шешудегі принципшілдігі оны аймағымыздың ең ірі көмір өндіріс орны «Қарағандыкөмір» бірлестігінің учаске бастығы қызметінен осы үлкен мекеменің бас директоры, одан әрі айтылмыш саланың зерттеуші-ғалымы дәрежесіне алып келді.  Ол – өлкеміздің кенді алабы  жайлы жазылған 8 монографияның, 230 ғылыми мақалаларының, 60 өнертабыс, патенттер және куәліктердің  авторы.

Айта кету керек, Н.А. Дрижд университетімізде жас буын ғалымдармен жұмыс жасап, оқытушылық, тағылымгерлік қызметін әлі де болса, жалғастыруда. Ол бүгінгі таңда ҚарМТУ-дың Әдеп бойынша Кеңесінің төрағасы қызметін атқаруда. Сондай-ақ білім ордамызда профессордың  ұйымдастыруымен ашылған «Тау-кен кешенінің метандық энергетика» зертханасы жұмыс істейді. Онда «Agilent Technologies» (АҚШ), «Carbolite Gero» (Ұлыбритания), «Eltra» (Италия), «Retsch» (Германия), «Radwag» және «Geokrak» (Польша) сияқты көмір өндірісі саласы бойынша әлемнің үздік өндірушілерінің алдыңғы қатарлы құрал-жабдықтары қойылған. Қазір Н.А. Дриждің басшылығымен зертхана көмір кен орындарындағы метан газын зерттеу жөніндегі стратегиялық бағдарламаның бір бөлігі ретінде  ұзақ мерзімді кен барлау перспективаларын айқындау, Қарағанды бассейінің көмір тақталарындағы метанды өнеркәсіптік деңгейде өңдіруді жолға қоюды зерттеумен айналысуда.

Без рубрики