Республикалық «Мені шыңдаған Серпін» кәсіби шеберлік байқауы


2017 жылғы 5 қаңтарда бекіткен жоспардың 32 — тармағына сәйкес 2017 жылдың 8-10 қараша аралығында Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында  «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» — «Серпін» әлеуметтік жобасы студент жастарының арасында Республикалық «Мені шыңдаған Серпін» кәсіби шеберлік байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты – жұмысшы мамандықтарды жастар арасында дәріптеу, кәсіптік даярлық пен құзыреттіліктерін арттыру, «Серпін» студенттері арасында өз мамандығының үздігін анықтау.Республикалық кәсіби шеберлік байқауы 10 мамандық бойынша өткізілді. Байқау қонақтары ҚР Білім және ғылым министрлігі, облыс әкімдігі өкілдері, депутаттар, СҚО жастар саясаты мен білім басқармалары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жұмыс берушілер болып табылды.

Аталған байқауға Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Мәңгілік ел жастары индустрияға» — «Серпін» бағдарламасы бойынша  «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығының 3-курс студенті Кеңес Тимур қатысты (жетекшісі — «Байланыс жүйесінің технологиясы» кафедрасының ассистенті Есенжолов Улан Серикович). РЭТ-15-2 тобының студенті Кеңес Тимур  өзінің білім алып жатқан мамандығы бойынша «Arduino Pro Mini негізінде жасалған динамикалық дисплейлі голограмма тудырушы құрылғыны құрастыру» атты тақырыпта арнайы жобасын әзірлеп барды. Айта кететін жайт, аталмыш байқауда «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша білім алып жатқан 10 жоғары оқу орындарының студенттері өз жобаларын қорғап, жүлделі орынға бақ таластырды. Байқау нәтижелері бойынша өзінің ұшқыр ойымен,  тапқырлығы және жаңашылдығымен қатарластарын басып озып, «Мәңгілік ел жастары индустрияға» — «Серпін» әлеуметтік жобасы аясында техникалық мамандықтарды игеріп жатқан студенттер арасында «Мені шыңдаған Серпін»  Республикалық кәсіби шеберлік байқауының І-орын жүлдегері Серпіндік РЭТ-15-2 тобының студенті Кеңес Тимур атанды. Жеңімпаз «Халықаралық бағдарламалар орталығы» Акционерлік қоғамының Президенті Ж.Мелдешовтың атынан мадақтама қағазымен марапатталып, бағалы сыйлыққа ие болды.

РЭТ-15-2 тобының студенті Кеңес Тимур: «Менің қорғаған жобам болашақ дипломдық жұмысымның тақырыбы болып табылады. Жобаның мақсаты –жарнамалық технологиялар арасында жаңа технология жасап, болашақта коммерциялық бағытта қолдану және өзгеріс енгізуге қолайлы жағдай жасау. Ал маңыздылығы болса, барлық технология күннен күнге дамуда. Дамудан тыс қалған технологиялар да жетерлік, соның бірі жарнамалық технологиялар (жарнама таратушы) сол дамудан тыс қалған технологияларға жаңа технология әкеліп, одан әрі дамыту. Осы орайда маған сенім білдіріп, аталған байқауға жіберген ҚарМТУ ұжымына үлкен алғысымды білдіремін. Сіздердің сенімдеріңізді ақтағаныма қуаныштымын», — дейді  жеңімпаз Кеңес Тимур.

Осы орайда жеңімпаз Кеңес Тимурды шын жүректен құттықтап, алар асуларың биік болсын дейміз!

Без рубрики